Каспий конвенциясы: Экономикалық әлеуеті қандай

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Мемлекеттік орган өкілдерінің Алматының бизнес-бірлестігімен кездесуінде Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияға қол қойылғаннан кейін жаңадан ашылған мүмкіндіктер жайында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Каспий маңы елдерінің бесінші саммиті барысында Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияға қол қойылды. Ұлттық экономика министрлігінің Стратегиялық жоспарлау және талдау департаменті директорының орынбасары Бауыржан Тұрлыбеков құжаттың Қазақстан үшін экономикалық тұрғыдан қандай мүмкіндіктер ашатынын айтты.

«Иран бағытының келешегі зор. Иран арқылы бұрын қолжетімсіз болған жолдар ашылды. Кішігірім тактикалық, санкциялық қарама-қайшылықтар бар. Дегенмен, аталмыш блок біз үшін ашылып келеді, алда Иранмен, Сербиямен және тағы да басқа елдермен еркін сауда туралы келісім жасасамыз. Ресей, Әзербайжан, Түрікменстанмен ЕАЭО және ТМД аясында жұмыс жасап жатырмыз. Иран посткеңестік блокқа енбейді, сондықтан олармен жаңадан келісім жүргізуге тура келеді. Мұның біз үшін әлеуеті зор», - деді Бауыржан Тұрлыбеков.

Еске салайық, Конвенцияда теңіздегі Каспий маңы елдері арасындағы өзара қарым-қатынастың барлық құқықтық аспектілері қарастырылған. Құжатқа сәйкес, Каспий теңізінің ерекше құқықтық мәртебесі пайда болады. Каспий теңізіне БҰҰ-ның 1982 жылғы теңіз құқығы туралы Конвенциясы және трансшекаралық көлдер бойынша көршілес елдерге қатысты қолданылатын ұстанымдар жарамайды. Тек теңіздің түбі секторларға бөлінді. Судың қабатымен байланысты егемендік құқығы көлге қолданылған ұстанымға негізделіп белгіленеді. Осылайша, барлық бес Каспий маңы елдері кеме қатынасы, су асты құбыр желілерін төсеу және тағы да басқа мәселелерде шоғырландырылған тәсілдерге қол жеткізді. Сенімді құқықтық негізді қалау арқылы Қазақстан, Ресей, Иран, Әзербайжан және Түрікместан елдері арасындағы ынтымақтастықтың аясы кеңейеді.  

Соңғы жаңалықтар