Каскадерліктен актерлікке – Голливудты бағындырған Ерден Телемісов жайында

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Біреулер үшін актер мамандығы – атақ, қомақты қаламақы мен Голлувидты бағындырар жол. Ал біздің кейіпкерімізді еш уақытта ақша қызықтырған емес. Әлемдік киноиндистрияның алпауыттары, тіпті Голливудтың өзі Оскар алған актерлермен бір жобада ойнауға шақырту жіберуі үшін сондай болу да керек шығар. Бүгінгі материалымыздың кейіпкері – актер, режиссер, каскадер, сценарист Ерден Телемісов.

Таяуда ғана Apple TV+1-де британдық «Slow Horses» (Шабан жылқылар) шпиондар туралы сериалының тұсаукесері өткен еді. Дәл осы туындыда Ерден Телемісов орыс мафиясы өкілінің рөлін сомдады. Айта кетерлігі, қазақ актері Гари Олдман, Джек Лоуден, Кристиан Скотт Томас сынды әлемдік кинонөнерінің жұлдыздарымен бірге бірнеше көркем туындыға түскен болатын.

«ҚазАқпарат» агенттігі тілшісіне сұхбат берген Ерден Телемісов «Шабан жылқылар» сериалының түсірілімі қалай жүргені, британдық продакшнның актерлерге қарым-қатынасы, Қазақстандағы киноиндустрияның дамуы барысы жайында ойымен бөлісті.

Каскадерліктен актерлікке

Бір қызығы, бұл актер қоржынындағы британдық екінші жоба. Ерден «МакМафия» телевизиялық сериалында да мафия өкілінің рөлін ойнаған еді. Дәл осы сериал көрермендердің жүрегін бірден жаулап алды. Ұлыбританияда сериалдың танымалдығы артып, 2019 жылы «Эмми» сыйлығының «Үздік драмалық шоу» аталымында жеңіске жетті.

«Лондонда жүргенімде адамдар жаныма келіп: «Сіз «МакМафияға» түскен жоқсыз ба?», деп сұрайтын. Сериалда өте нашар адамның, бандиттің, баскесердің рөлін сомдадым», - деп еске алады Ерден.

Айта кетерлігі, осы рөл актерге бірнеше жыл өткеннен кейін британдық продакшнның келесі сериалы – «Шабан жылқылар» сериалына түсуге жол ашты.

«Шабан жылқылар» жобасының кастинг-директоры Нина Голд мені «МакМафия» сериалынан байқап қалыпты. Бірде, Нина Голдтан поштама хабарлама келді. Ол менің жұмыс кестемді, таяу уақытта қолым бос болуы мүмкін бе екендігін сұрапты. Сол уақытта ешқандай жоспарым жоқ еді. Менен видеосынама түсіруді өтінді. Оларға бәрі ұнапты. Одан кейін Zoom-да режиссермен және кастинг-директормен сағатқа созылған әңгімелесу болды. Сыннан сүрінбей өткеннен кейін орыс мафиясының өкілі рөліне бекітті. Өткен жылдың жазында Англияға ұшып барып, жарты жыл болдым», - деп еске алады актер.

Британдық танымал Нина Голд «Жұлдыздар соғысы», «Тақталас», «Педдингтон», «Король сөйлейді» сынды жобалардың кастинг-директоры болған.

«Мұндай танымал адамның маған назар аударуы өте үлкен құрмет», - деді Ерден Телемісов.

«Шабан жылқылар» көркем телесериалы Мик Херронның дәл осындай атаумен жарық көрген романы желісінде түсірілген. Бастапқыда жоба 12 сериядан тұрды және «Жағалау» (Еmbankment) деп аталған. Кейіннен «Шабан жылқылар» деп өзгерді. Түсірілген 12 серия 6 сериядан 2 маусымға бөлінді. Қазіргі уақытта бірінші маусымның 4 сериясы Apple TV+1-де қолжетімді. Екінші маусым «Өлі арыстандар» деп аталады. Дәл осы маусымда отандасымыз Ерден Телемісов мафия өкілінің рөлінде ойнайды.

«Бірінші маусымның кейіпкерлері - Гари Олдман, Джек Лоуден, Джонатан Прайс. Мен үшін жобада «Оскар» сыйлығының үш бірдей номинатымен бірге жұмыс істеу зор мәртебе. Тіпті ең батыл армандарымда да олармен бір жобада жұмыс істеймін деп ойлаған емеспін. Фильмде орыс мафиясы өкілінің рөлін сомдаймын. Бұл МИ-5-тің шпиондық бөлімшелерінің тарихы жайында. Онда жолы болмайтын ең нашар агенттерді жіберетін бір бөлім бар. Бөлім басшысының рөлін Гари Олдман сомайды. Дәл осы бөлім агенттері шынайы проблемаға тап болып, оны өз күштерімен шешуге тырысады. Ал екінші маусымда олар басқа проблемамен – орыс мафиясымен бетпе-бет келеді. Нақтылай түсейін, батыста Қазақстаннан, Грузиядан, Ресейден шыққан кез келген мафияны орыс мафиясы деп айтады. Егер жігіттер орыс тілінде сөйлесе, онда автоматты түрде орыс мафиясы саналады», - деді актер.

Бұл актердің голливудтық төртінші жобасы. Бұған дейінгі фильмдер мен сериалдарда ол экранда не бәрі 1 минут қана көрінсе, «Марко Поло» мен «Жауынгер» фильмдерінде актер-каскадер болды. Ал «МакМафия» мен «Шабан жылқылар» сералдарында Ерден Телемісовтың актерлік шеберлігі ашыла түсті.

«Бұрынырақ филльмдерге каскадер ретінде қатысқанымда мақсатым тек төбелесу, лайықты өлу, киімді ауыстырып алып, келесі сериалдарда мүлдем басқа бейнеде көріну еді. Ал «Шабан жылқылар» сериалына түсу мен үшін тың қадам болды. Бұл толыққанды рөл және кейіпкерім оқиғалардың қалай өрбитіндігіне тікелей ықпал етеді. Тіпті, соңғы сериалдардың өзінде кейіпкерім сюжетке тікелей ықпал ететін сәттер бар. Меніңше, бұл мен үшін ғана емес, сонымен бірге отандық киномыз үшін де зор серпіліс деп санаймын», - деді Ерден Телемісов.

Актер теңдессіз тәжірибе жинағанын да жасырмайды.

«Режиссердің актерлерді түзетіп, қалай жақсы ойнау керектігін түсіндірген бірнеше сәт болды. Ал маған кезек келгенде режиссер: «Ерден, excellent! Бәрі керемет! Жарайсың! Дәл осылай жаса» дейтін. Актерлер күлетін. Олар - таяу болашақта супер жұлдызға айналатын жас жұлдыздар. Олар менен жобаға қалай келгенімді, Лондонда агентімнің бар-жоғын сұрайтын. Ал мен оларға «Шабан жылқылар» үшін арнаулы сәлемхатпен тапсырыс арқылы алдырған» деп жауап беретінмін. Лондонға сапарым өзімнің мүмкіндігіме деген сенімімді арттыра түсті. Меніңше, Қазақстанда әлемдік деңгейде ойнай алатын актер өте көп», - деді ол.

Британдық продакшнның актерлерге қарым-қатынасы жайында

Актердің айтуына қарағанда, Ұлыбританияда актерлік құрамға мүлдем басқаша қарайды.

«Олар үйімнен Алматы әуежайына дейін жетуім үшін таксиге тапсырыс беріпті. Өзімді басқа деңгейде сезіндім. Дәл осындай жайт елге оралған кезде де қайталанды. Тіпті бюджеті тым қомақты, сомасын айта алмаймын. Бірақ, бюджеті тарихи ірі жобалармен шамалас. Ал «Шабан жылқылар» іс-қимылы қазіргі уақытта орын алған. Маған олардың актерлік құрамға қарым-қатынасы, ықылас танытуы ұнады. Бұған дейін мұндай жағдайда еш уақытта жұмыс істеп көрмеппін. 1,5 ай бойы премиум санаттағы қонақ үйде тұрдым. Өзімді еркін сезіну үшін пәтерге шыққым келгенде олар апартамент жалдап берді. Елге оралғаннан соң 4,5 ай тұрған пәтердің бір күнге жалға алу ақысы 400 (250 мың теңге) фунт болғанын білдім. Жарты жыл бойы продакшн Англияда болғаным үшін қаламақы төлеп тұрды. Ал мен не бәрі 19 түсірілім күні ғана жұмыс істедім. Жалақым болса, түсірілім күніне қарамастан апта бойы жүрді», - деді актер.

Ерден Телемісов түсірім алаңы мен сахнаны безендірулері де таңданысын арттыра түсіргенін айтады.

«Декарациялардың кереметтігі соншалық, терезеден жанды Лондонда көріп тұрғандай сезінесің. Ал шындап келгенде қала көрінісін бейнелейтін алып экрандар. Алғаш рет студияға қатты таң қалдым», - деді ол.

Сериалдың түсірілім барысы ағылшын тілінде жүргенімен актерге еш қиындық туындаған жоқ. Өйткені ол «Марко Поло», «МакМафия» жобалары барысында тіл сындырып, ағылшын тілін жете үйренген еді.

«Бұл сериал тіл үйренуіме үлкен көмегін тигізді. Бұған дейінгі жобаларда жанымда достарым, актерлер, каскадерлер болды және олармен күні бойы орыс тілінде сөйлесетінбіз. Ал бұл жолы жалғыз келдім. Жергілікті тұрғындармен сөйлесіп, ағылшын тілін меңгеруімді жетілдіре түстім. Қазір де ағылшын тілінде сөйлесіп тұрамын. Ең бастысы - тәжірибе», - деді актер.

Таяу уақытта «Өлі арыстандар» екінші маусымын көрсетуді бастайды және қазақстандықтар Ерден Телемісовтің актерлік шеберлігіне баға бере алады. Жоба қазірдің өзінде әлемдік БАҚ тарапынан оң баға алып отыр.

Әлеуметтік желі – бұл өзіңе продюсерлік жасау

Ерден Телемісовтің қоржынында кинодағы 35 рөл бар және оның төртеуі голливудтық жобаға тиесілі. Өткен жылы Лондонға сапары алдында ол қазақстандық көрермендер назарына ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысымен түсірілген «Жеке іс» сериалын ұсынды. Ерден дәл осы жобаның бас продюсері болды. Ол – көрерменге жақсы таныс «Құдіретті» веб-сериалының да режиессері. Сериал қазіргі заманауи қалада, Алматыда өмір сүретін жын жайында. Режиссер дәл осы сериал түсірілімін жалғастыруға ниетті.

Актер әлеуметтік желілерде де белсенді. Оны Instagram, Facebook, Telegram, VK, Twitter, тіпті TikTok-тан да тауып алуға болады. Ерден Телемісов әлеуметтік желі – бұл өзіңе продюсерлік жасау деп санайды.

«Қайырымды әрі көпшіл адаммын. Бұл жайт әлеуметтік желілерде де байқалатын шығар. Теріс пікір еш уақытта жазбаймын. Егер жеке басыма тиісіп жатса ғана жауап жазамын. Өзіме жазылғандарға қамқор болуға тырысамын. Менің өмірімде де проблема жеткілікті. Бірақ, жақсылық жаршысы болу дұрыс сияқты. Позитивті жақтаймын. Оның үстіне әлеуметтік желілер жаңа мүмкіндіктер береді. Бұл өз өзіңе продюссерлік жасау десек те болады. «МакМафия» мен «Шабан жылқылар» жобаларына әлеуметтік желілердің арқасында тап болдым. Тағы бір қызықты оқиғаммен бөлісе кетейін. Бірде Facebook-та виртуоз скрипкашы Марат Бисенғалиевтен хабарлама алдым. Оның қызы Арухан Ұлыбританияда тұрады. Ол – британдық актриса. «Соғыс және бейбітшілік» сериалының британдық нұсқасына түскен. Ал «Соғыс пен бейбітшілік» кастинг-директоры кейін «МакМафия» сериалының кастинг-директоры болған. Ол жаңа жобаға азиялық актер іздеген екен. Осы жайында Арухан әкесіне жазыпты. Ал Марат Бисенғалиев бірден мені есіне түсіріп, британдық продакшнмен байланыстырды. Блоггингтің арқасында жаңа мүмкіндіктер ашылады», - деді актер.

Киноға түсу ақша үшін емес

«Киноға ақша үшін түспеймін. Кино жанкүйерімін. Жалпы кинематографияны жақсы көремін. Өзімде тек қана актер, каскадер санамаймын. Бұдан бөлек, сценарий жазу, режиссура, операторлық жұмыс пен монтаж қызықтырады. Күн сайын мүмкіндіктерімді шыңдап, дамытуға тырысамын. Британдық жобаға түсуім шетелден өте көп ұсыныстардың түсуіне себеп болды. Жарты жыл шетелдік түсірілімдерге қатысқым келеді. Өйткені, келешегі зор, табысы жақсы. Ал Қазақстанда өзімді продюсер, режиссер, сценарист ретінде дамыту басты мақсатым. Елімізде камераның ту сыртында болуға тырысамын. Егер бір жыл бұрын «Шабан жылқылар» сынды жобаға қатысасың десе, сенбес едім. Қазір қоржынымда тағы бір британдық жоба бар, алға жылжи беру керек», - деді Ерден Телемісов.

Актер елімізде кинематографияға мұнан да көп назар аударылуы қажет деп санайды. Оның атап өтуінше, соңғы жылдардағы бұл саладағы жетістіктер қаражатты өздері тауып, қызықты жобаларды жүзеге асырып жүрген жас кинематографистердің қолымен жасалып жатыр.

«Меніңше, қазіргі уақытта интернет-киноның қарқынды дамуы өте жақсы. Көптеген жоба интернетке арналып жасалуда. Қазір аздаған қаражатқа сапасы керемет камера сатып алуға, ал жастардың өз жоспарларын жүзеге асыруға мүмкіндік бар», - деді ол.

Ерден Телемісов биыл Берлин фестивалі қазылар алқасының мүшесі болды. Дәл осы халықаралық іс-шарада қазақстандық «Мыстан» сериалы гран-приді жеңіп алған еді.

«Қатты қуандым. Біздің жігіттердің жеңіске жеткенін мақтан тұттым. Бірақ, қазіргі уақытта Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығында түсініксіз жайттар орын алып жатыр. Бұл Қазақстанның барша кинематографисі үшін ең үлкен тітіркендіргіш сияқты. Өткен жылы өтінім беру болды. Олар шамамен 500-ге жуықтайды. Ал биыл кенеттен оның бәрінің күшін жойып жіберді. Кинематографистер 1 жыл бойы питчингті күтті. Оларға жобаларын жүзеге асыру үшін бюджет керек. Ал бір жылдан соң бәрінің болмайтындығын айтып отыр. Құжаттамаларды, өтінім беру ережесін өзгертіп жіберген. Жоспарларыңызды жүзеге асыруға қаражат алу үшін 3 жылғы еңбегіңді көрсетуге тиіссің. Соңғы 2 жыл карантинге тап келгенін, ал кино түсірілмегендігін ескерсек, заң тыңғылықты әзірленбеген. Ол кинематографистердің ескі мектебіне қаржы алу мүмкіндігін тыйып, жастардың жолын жабады. Меніңше, бұл дұрыс емес. Бюрократия арта түсуде. Ісін енді бастаған кинематографистер мүлдем ақша ала алмайды. Оның питчингке қатысу мүмкіндігі жоқ. Өйткені, тиісті құжаттар топтамасын кинодан баяғыдан бері жүргендердің ғана жинау мүмкіндігі бар», - деп түйіндейді ойын Ерден Телемісов.


Соңғы жаңалықтар