Кәсіподақтар федерациясы пандемия жағдайында қалай жұмыс істеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин федерацияның бір жылдық қызметі мен пандемия жағдайында қалай жұмыс істегенін баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан халқы биыл барша адамзатқа ортақ қиындықтарды бастан өткеріп, ел еңсесін түсірмей, әлеуметтік әділдік жолын нығайта отырып, экономикалық даму мен саяси тұрақтылықты сақтай білді. Әрбір қарапайым адамның кең байтақ елімізде жақсы өмір сүріп, өзінің отбасынан бастап барлық отандастарымыздың амандығын тілеп, Қазақстанның қарқынды дамуын, өркендеуін мақсат тұтатынын жүрек түкпірінде сезіну де – алға жетелейтін жақсылықтың белгісі. Әлемді әбігерге түсірген пандемия тақырыбына ойыссақ, әлбетте, сын сағаттарда әрдайым халықтың жанынан табылған, азаматтық қоғамның бір бөлшегі – Қазақстан кәсіподақтарының қиын да күрделі міндеттерді атқарғаны ойға оралады», - дейді Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.

Оның айтуынша, құрамында 2 млн-ға жуық мүшесі бар 23 салалық кәсіподақ ұйымы ұзақ жылғы бай тәжірибесі мен еңбек дәстүріне сәйкес бір сәттік пайданы көздеген жоқ, қоғамның орнықты дамуы мен азаматтардың тұрмысын жақсарту жолында тынымсыз жұмыс істеді.

«Тосыннан күн тәртібіне шыққан сауалдарға ешбір ұйымның дайын жауабы болған жоқ. Бәрі де көзбе-көз шешілетін, кеңседе отырып басқаруға үйренген әдіс-амалды қоя тұрып, қызметкерлердің денінің үйден жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, ұжыммен араласуын да шектеуді бұрын естігенмен, көрген жоқпыз ғой. Соған қарамастан қиыннан қиыстырып, еңбектене жүріп әр бастауыш кәсіподақ ұйымы, яғни, 18 мыңға жуық кәсіподақ ұйымы уақыт талап еткен ерекшеліктерді ескере отырып, еңбек адамының құқы мен мүддесін қорғау жолында тиімді іс-шараларды жүзеге асырды.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздік тарихында келешек қамы үшін әрбір көрегендікпен қабылдаған стратегиялық шешімінің арқасында іргетасын орнатып, берік негізін қалаған саясатының жемісін көрдік емес пе? Әңгіме түбегейлі жаңа нарықтық экономика құрылып, еліміздің әлеуетінің әлденеше есе артқанында ғана емес, кезінде осы Ұлттық қорды құрғанда кейбір саясаткерлердің «Ондай қорды қайтеміз, мол қаржыны әр адамға үлестіріп берейік», - деген сөздерін де естідік. Енді міне, ел басына күн туғанда сол Ұлттық қордың қаржысы халықты аса алапат, қауіпті індеттің толқынды кезеңдерінен аман-есен шығуға зор жәрдем жасады», - дейді С. Дәулеталин.

Бұл тұрғыда биыл мемлекет тарапынан әлеуметтік саладағы және экономиканы қолдауға бағытталған барлық міндеттемелерді орындау үшін Ұлттық қордан 1 триллион бөлініп, әлеуметтік төлемдерді индексациялау жұмысы жалғасты, осы бағытқа 2023 жылға дейін 1 триллион теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланған.

«Пандемия жағдайында кәсіподақ ұйымдары әрбір еңбек адамына, қауіпсіздік шараларын сақтауға, медициналық қажетті бұйымдар мен құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге жәрдемдесті. Төтенше жағдай жарияланғаннан кейін ел азаматтарына қолдан келер барлық қолдауды көрсетуге дайын екенімізді мәлімдедік. Кәсіподақтар федерациясы мен оған мүше ұйымдар 500 млн теңге көлемінде көмек көрсетіп, азаматтарды материалдық тұрғыдан қолдай білді. Қазақстан Үкіметін және жұмыс берушілерді қауіп-қатерді азайту және қоғамдағы жағдайды тұрақтандыру бойынша күш біріктіруге шақырдық.

Барлық ұйымдар мен кәсіпорындарда жұмысшылардың жаппай жұмыстан шығарылуын, жалақы мен әлеуметтік сақтандыру төлемдерін төлеу борышын, еңбек жағдайының негізсіз нашарлауының алдын-алу шаралары дер кезінде қабылданды. Көптеген еңбек ұжымдары қашықтан жұмыс орындарын құру арқылы ұйымның жұмыс режимін қалыптастыра алды. Адам өмірі мен денсаулығы үшін жоғары жауапкершілік мәселесі қолға алынды. Бұл санитарлық өлшемдер мен еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету жағдайларында қоғамдық бақылау жүргізуге қолдау көрсету мүмкіндігін туғызды. Төтенше жағдай немесе карантиндік шаралар кезінде медициналық қызметкерлерге «Азаматтық қорғаныс туралы» заңға сәйкес «құтқарушылар» мәртебесін беру туралы ұсыныстарымызды да жасадық», - дейді федерация басшысы.

Халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу әрбір еңбек ұжымының ұжымдық шартында көрініс табуы да – әлеуметтік әділдік. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше 2020 жылы 1 миллион 220 мың адам жұмыспен қамтылды. Жол картасы бойынша 5300 астам жоба жүзеге асырылып, 130 мың жұмыс орны құрылды. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 225 мың жұмыс орнын құру да жоспарланған болатын.

«Біз әлеуметтік әріптестікті дамытуды бұлжымас міндеттеріміз деп санаймыз. Бұл орайда ұжымдық шарт – еңбек қатынастарын ұйымдастырудың маңызды белгісі. Цицеронның « Әділдіктің екі қайнар көзі бар: ешкімге зиян шектірмеу және қоғамға пайда келтіру» дегеніндей, әлеуметтік әріптестік арқылы оның барлық тарапқа тиімді болуын қарастырамыз. Мәселенің өзектілігі мен өндірісті табысты етудің қажеттілігін әрбір жұмыс беруші терең түсінуі керек. Негізінен кәсіподақ ұйымдары бар жерде ұжымдық шарт жасалады, оларда еңбек даулары жиі бола бермейді. Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жалпы санына шаққанда жасалған ұжымдық шарттардың үлесі 98 процентті құрайды. Ал шағын кәсіпкерлік кәсіпорындарындағы ұжымдық шартпен қамту төмен деңгейде қалып отыр.

Әлемдегі өзгерістер аясында әр азамат атқарған жұмысына қарай жалақы деңгейін көтеруді, лайықты жұмыс принципін енгізуді талап етуге құқылы. Еңбек нарығында тиімді жұмыспен қамтудың мәні әлеуметтік-саяси жағынан да өте жоғары. Себебі, еңбекпен есею, адал еңбек арқылы отбасы мен қоғамды көркейтіп, бақытқа кенелту – жалпыға ортақ Еңбек қоғамын қалыптастырудың тура жолы», - дейді Сатыбалды Дәулеталин.

Автордың айтуынша, XXI ғасырдағы жаһандық бәсекелестік жағдайында еңбекті шешуші фактор ретінде алдыңғы кезекке ілгерілету үшін кәсіподақ ең алдымен, жас буынды адал еңбекпен ғана жоғары жетістікке жете алатынына, жеңіл жолмен баюға ұмтылмай, өмір сапасын жақсартудың кілті еңбекте екендігіне басты көңіл бөледі. Ел халқының үштен бірін құрап отырған жастардың бойына адалдық пен жоғары жауапкершілікті қалыптастыра алғанда ғана олар қоғамның қозғаушы күшіне айналады.

«Білімді, білікті, еңбектің қадірін түсінетін ұрпақ қана ұлттық болмысымызды айқындап, келешегімізге кепіл бола алады. Қоғамдағы еңбек құндылықтарына деген көзқарасты өзгерту қажеттігі биылғы қауіпті індет кезінде анық байқалды. Бұған дейін еңбектері елене қоймайтын медицина қызметкерлері, мұғалімдер мен күнделікті тіршілік көзін қамтамасыз ететін жандардың қадірін жете түсіндік. Қоғамның назарын осы мәселеге аудара отырып, кәсіподақтар алдыңғы шепте болған медицина қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсету, әскери дәрігерлерге қосымша төлемдер жасау, ковидтан кейін денсаулықтарын оңалту, жұмыс орындарының сақталуына қатысты ұсыныстарын Үкіметке жолдады.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының кезекті XXVI съезіне жолдаған құттықтауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз еңбекті Қазақстан қоғамының негізгі құндылығы ретінде дәріптеуіміз керек. Бұл менің нақты ұстанымым. Осыған байланысты кәсіподақтарға ерекше міндет жүктеледі. Сонымен қатар әділетті әлеуметтік мемлекет құру үшін кәсіподақ қызметінің нысандарын үнемі жетілдіріп, әлемде болып жатқан өзгерістерге орай тиімді іс-қимыл стратегияларын әзірлеу қажет» деп атап көрсетті. Бұл өте орынды айтылған өзекті мәселе кәсіподақтар қызметінің әлеуметтік әділдікті жақтаушы және қорғаушы ретінде нақты іс-әрекеттер бастамашысы болуына тың серпін береді», - деді Сатыбалды Дәулеталин.

Қазақстан кәсіподақтары еңбек адамының құқықтарын қорғау, оның лайықты тұрмыс сапасы мен жұмыс жағдайын қамтамасыз ету жолында жаңа іргелі ізденістерді қолға алуда. Алдағы 2025 жылдарға арналған Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы қызметінің стратегиясы қабылданды.

«Кәсіподақ мүшелерінің бірлігі, демократиялық рәсімдерді дамыту, әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын ілгерілету, кәсіподақ ұйымдарының іс-қимылын үйлестіру – ҚР Кәсіподақтар федерациясының негізгі даму бағыттары. Ел Президентінің Үкіметтің бүкіл қызметі мен атқарушы билігінің халықтың үнін ести отырып жұмыс істеуіне міндеттеп отырғаны дәл осы адами және әлеуметтік мәселеден туындап жатыр. «Қай жерде болсын халықтың мұң-мұқтажына құлақ аспаған адам азамат емес: Ол – халықтың бірінші жауы». Ұлы суреткер Ғабит Мүсіреповтың осы ойын таразылап көрсек, баршаға ортақ міндеттің жауапкершілігі де оңайға соқпайды.

Кәсіподақтардың алдында әлеуметтік әріптестермен бірге күрделі –экономикалық жағдайдан ең аз шығынмен шығу және әрбір қазақстандықтың ертеңге деген сенімін сақтау міндеті тұр. Егемен еліміздің жарқын келешегінде еңбек құндылықтары қоғамның қазынасы және ұлттық байлық болып саналады. Дәл осы пайыммен алып қарасақ, бірлік – қоғамдағы әділет пен дамуға бастайтын жол. Өйткені ел мерейі еңбекпен еншілес. Ал кәсіподақ ұйымдары туған еліміздің өсіп-өркендеуіне қызмет ете береді. Сіздерді келе жатқан Жаңа жылдарыңызбен құттықтаймын. Тәуелсіздіктің 30 жылдық жарқын парағын ашатын жыл Отанымызға бірлік, халқымызға игілік, мемлекетімізге молшылық сыйласын!», - деп лебіз білдірді Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.


Соңғы жаңалықтар