Кәсіподақтар федерациясы Nur Otan партиясына сайлаушыларға қысым жасамау керегін ескертті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Кәсіподақтар федерациясы сайлаушыларға қысым жасауға жол бермеуді ескерту үшін саяси партиялардың өкілдерімен кездесуді бастады. Бүгін Nur Otan партиясының өкілдерімен жиын өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің ұйымның басты міндеті – жалдамалы қызметкерлердің, кәсіподақ мүшелерінің мүдделерін қорғау. Осыған байланысты біз барлық партия өкілдеріне жұмыс беруші тарапынан қызметкерлерге қысым жасау мәселесін қадағалайтынымызды айтқымыз келеді. Егер қандай да бір кәсіпорын мен ұйым қызметкерлерін қандай да бір партияға дауыс беруге мәжбүрлегені анықталса, бұл туралы БАҚ-қа хабарлаймыз және өзіміздің жалпы есебімізде мәлімдейміз», - деді ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев.

Н. Өтешев партияны құқықбұзушылықтар туралы ақпаратты алмасып отыруға шақырды.

«Сондықтан, елдегі ең ірі саяси күш ретінде сіздерді де хабардар еткіміз келеді. Егер сіздер осындай фактілерді байқасаңыздар, ақпарат алмасу тұрғысынан бізге жіберіңіздер. Егер қандай да бір аймақта және учаскелерде қызметкерлердің сіздің партияңызға дауыс беру үшін қысым фактілері анықталса, сіздерге осы ақпаратты жіберіп, неге мұндай жағдай болғанын сұраймыз. Біз тұрақтылықты қалаймыз және толқулар болмауы үшін барлық сайлау процестері заң аясында өтуі керек деген міндет қойып отырмыз. Бұл бақылаушылар тарапынан да, саяси партиялар тарапынан да, сайлау комиссиялары мүшелері тарапынан да, сайлаушылар тарапынан да арандатулар болмауы үшін керек. Өз тарапымыздан біз қазір өз байқаушыларымызды оқытып жатырмыз, тренингтер өткізудеміз, бүгін ғана Нұр-Сұлтан қаласында 250 байқаушыны оқытуды аяқтадық», - дейді спикер.

Өз кезегінде Nur Otan орталық аппараты басшысының орынбасары Арман Қапесов партияның мақсаттары да осындай екенін жеткізді.

«Біз сайлау науқанының тікелей қатысушылары ретінде әділ, объективті сайлау өткізуге мүдделіміз. Сіздердің байқаушыларды әзірлеу туралы бастамаларыңызды қуана құптаймыз. Біз сайлаудың адал, ашық, өткенін қалаймыз. Партиямыздың мүшелері мен сайлаушыларымызды шын мәнінде әділ сайлау өткізуге шақырамыз», - дейді А. Қапесов.


Соңғы жаңалықтар