Кәсіпкерлікті дамытуға кедергі жасауға ешкімнің құқығы жоқ - Тоқаев

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Кәсіпкерлікті дамытуға кедергі жасауға ешкімнің құқығы жоқ. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алматының кәсіпкерлерімен шағын және орта бизнесті қолдау шараларын талқыладық. Қазіргі жағдайда салықты жеңілдету, субсидия беру, айналымдағы қаржыны толықтыру және тағы басқа арқылы бизнеске көмектесе береміз. Елге пайдалы кәсіпкерлікті дамытуға кедергі жасауға ешкімнің құқығы жоқ», - дер жазды Мемлекет басшысы Twitter-де.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін ҚР Президенті Алматыға жұмыс сапары аясында қазақстандық «Hyundai Trans Kazakhstan» зауытының іске қосылуға дайындығын тексерді.

Қ.Тоқаев нысанды аралап көргеннен кейін индустриялық аймақ резиденттерімен жеке кәсіпкерлікті қолдау және кәсіпорынның басым салаларын дамыту мәселелерін талқылады.

«Мен өз Жолдауымда еліміздегі кәсіпкерлікті дамытуға ерекше мән бердім. Әсіресе, бизнестің, кәсіпкерліктің дамуына мемлекеттік органдар тарапынан келтірілетін кез келген кедергі елімізге қарсы жасалған қылмыс ретінде қаралатынына арнайы тоқталдым. Яғни, басқаша айтқанда, Үкімет, жергілікті атқарушы органдар кәсіпкерлікті дамытуға жан-жақты қолдау көрсетуге тиіс. Бұл – экономикалық саясатымыздағы негізгі бағыт», – деді ол.

Президент еліміздің экономикасындағы ахуал пандемия салдарынан әлі де күрделі екенін және бұл дағдарыстан мемлекет пен бизнестің бірлескен күш-жігерінің арқасында ғана шығуға болатынын атап өтті. Бәсекелестікті қорғау үшін Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі құрылды.

«Нарықты монополистерден тазалау керек. Барлық лайықты кәсіпкерлердің біздің нарыққа еніп, еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беру қажет. Сонда ғана экономика еркін дами алады. Мұның бәрі жаңа ұйымдастыру шараларын қабылдауды талап ететіні сөзсіз. Бұл шаралардың бәрі тиімді болады деп үміттенемін», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға сапарын И.Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының жаңа филиалын аралап көруден бастады.

Сондай-ақ Индустриялық аймақта болып, Республика алаңындағы қайта жөндеуден өткен «Алмалы» демалыс аумағына барды. Ал Көпфункционалды «SEN» музыкалық орталығында Қазақстан Президентіне мегаполистегі қосымша білім беру инфрақұрылымын дамыту, сапасын күшейту және оған баратын балалардың санын көбейту ісі жөнінде мәлімет берілді.



Соңғы жаңалықтар