Кәсіпкерлер жұмысына кедергі келтіретіндерге жаза күшейтілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Енді құқық қорғау органдары қызметкерлеріне бизнеске араласқаны үшін 2 жылдың орнына, 5 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін. Бұл туралы «Antikor ortalygy» алаңында өткен брифингте Нұр-Сұлтан қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Шыңғыс Қабдула айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президент өзінің қыркүйектегі Жолдауында, мемлекеттік құрылымдардың кәсіпкерлік қызметке кез келген заңсыз араласуы, кәсіпкерлердің жұмысына кедергі жасау мемлекетке қарсы ауыр қылмыс ретінде қабылдануы керек деп атап өтті. Кәсіпкерлікті дамыту мен қорғау әрқашан ел басшылығы саясатының басымдығы болып келеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі де, осы міндетті шешуге бағытталған», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Шыңғыс Қабдула.

Оның айтуынша, 2018 жылдан бастап, Агенттік Сыртқы істер министрлігімен, «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп бизнес пен инвестицияларды қорғау бойынша арнайы жобаны іске асырып келеді.

«Бұл кәсіпкерлерді жосықсыз лауазымды тұлғалар тарапынан ықтимал қысымның, заңсыз сыйақы талаптарының алдын алу мақсатында мемлекеттік құрылымдармен және т.б. олардың өзара әрекеттесу процесінде сүйемелдеуден тұрады. Бүгінгі таңда жалпы сомасы 16,2 трлн теңгеден асатын «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеудің» 613 бизнес-жобасы бар. Бизнесті қорғауды күшейту контексінде, кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтірмеу мақсатында Қылмыстық кодекске жауапкершілікті күшейтетін түзетулер енгізілді. Енді құқық қорғау органдары қызметкерлерінің бизнеске араласқаны үшін 2 жылдың орнына, 5 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасын қолдану қаупі бар.

Құқық қорғау органдары басшылығының және судьялардың осындай әрекеттерді жасауы одан да қатаң жазаға – яғни, 8 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғады», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар