Кәсіпкерлер несиесін 90 күнге дейін төлемей, кейінге шегеруге мүмкіндік алды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Банктер мен микроқаржы ұйымдары қаржылық жағдайы нашарлаған кәсіпкерлер үшін қарыз төлемін 90 күнге дейін шегеруі тиіс. Мұндай жеңілдік туралы Үкімет отырысында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР банктер және банк қызметі туралы заңының 34-бабының 3-тармағына және микроқаржылық қызмет туралы ҚР заңының 3-бабының 6-тармағына сәйкес кредиторлар шарт талаптарын қарыз алушы үшін жақсартқан жағдайда оларды біржақты тәртіппен өзгертуге құқылы. Осыған орай банктер және микроқаржылық ұйымдар төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты қаржылық жағдайы нашарлаған жеке кәсіпкерлер мен ШОБ субъектілеріне негізгі борыш пен сыйақыны қоса алғанда төлем мерзімін 90 күнге дейінгі мерзімге кейінге қалдыру жұмысын жүргізуі тиіс», - деді Мадина Әбілқасымова Үкімет отырысында.

Агенттік төрағасының айтуынша, банктер мен несие нарығының басқа да субъектілері аталған шараларды халық пен бизнеске қолайлы болуы үшін барынша қашықтан қатынас жасау арқылы іске асырады. Осылайша қарыз алушылармен өзара іс-қимыл жасаудың тәртібі мен тетіктері айқындалады.

Еске сала кетсек, бұған дейін Мәдина Әбілқасымова банкте кредиті және ломбардта қарызы бар азаматтарға қандай жеңілдіктер жасалатынын мәлім еткен еді.


Соңғы жаңалықтар