Кәсіпкер жемқорлыққа қарсы қызметтің араласуымен 42 млн теңге демеуқаржыға қол жеткізді - СҚО

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің араласуынан кейін кәсіпкер астық қоймасын үлкейту үшін 42 млн теңге демеуқаржыға қол жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаментінің басшысы Жарқын Ғалымовтың айтуынша, субсидия беру саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдері көп. Бұған соңғы талдау барысында тағы бір рет көз жеткізген. Нәтижесінде 47 ұсыным әзірленді.

«Ұсынымдардың 20-сы нормативтік құжаттарға өзгеріс енгізуді талап етеді, 13-і субсидия жүйесін ақпараттандыруды жетілдіруге және 14-і ұйымдастыру шараларына қатысты. Орталық деңгейде қорытынды анықтаманы талдап, жинақтағаннан кейін, саралаудың нәтижесін жұртшылыққа жеткіземіз. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушімен кездесіп, оның мәселесіне қанығу үшін орасан ақпараттық-түсіндіру жұмысы жүргізілді. Әр ауданағы кәсіпкерлермен онлайн кездесулер ұйымдастырылды. Осындай кездесулерден кейін әкімшілік тосқауыл салдарынан демеуқаржы ала алмай жүрген кәсіпкердің мәселесі оң шешілді», - дейді Жарқын Ғалымов.

Ведомство басшысының айтуынша, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы «Ертегі» ЖШС астық қоймасын үлкейту үшін өз шығындарын субсидиялаудан бас тартқан. Басқарма кәсіпкердің қызметтің бұл түріне лицензиясы жоқтығын алға тартқан.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен Ауыл шаруашылығы министрлігі бірлесе жұмыс істеп, субсидия беур тәртібін жасаушыдан тиісті түсіндірме алды. Астық қоймасын үлкейту үшін демеуқаржы алуға лицензияның қажеті болмай шықты. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші өз шығындарына 42 млн теңгеден астам демеуқаржы алды. Осы жерде неге бұл мәселемен ауыл шаруашылығы басқармасы айналыспаған деген орынды сұрақ туады. Әр кім өзінің қызметтік міндеттеріне жауапкершілікпен қарап, «Еститін мемлекет» тұжырымына сай жұмыс істеуі қажет», - дейді Жарқын Ғалымов.


Соңғы жаңалықтар