Кәсіпкер болғым келеді: Нұр-Сұлтанда 14 жастағы жасөспірім жеміс-жидек дүңгіршегінде жұмыс істейді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 14 жастағы елорда тұрғыны Темір Нұрислям бүгінде елордадағы жеміс-жидек пен көкөністер сататын дүңгіршекте сатушының көмекшісі болып жұмыс істейді.

Ол анасы мен қарындастарына көмектесумен қатар, табыс тауып, өз кәсібін ашқысы келеді. Мектептегі сабақтан кейін күн сайын 4 сағат жұмыс істеп жүрген жасөспірім ҚазАқпарат тілшісімен өзінің болашақтағы арман-мақсаттары туралы айтып берді.

«Менің жасым 14-те. Қаладағы №15 мектеп-гимназиясының 8 сыныбында оқимын. Түске дейін сабақта, түстен кейін жұмыстамын. Бұл жұмысты 1 апта бұрын ғана таптым. Мұнда мен сатушының көмекшісімін. Менің міндетім жеміс-жидектер мен көкөністерді орнына реттеп қою, жарамсыздарын тазалау және келушілерге салып беруге көмектесу. Жалпы жұмысты біраз уақыт іздедім. Көп адамдардан жұмыс тауып беруін сұрадым, оның ішінде танымал адамдар да бар. Осы жұмысқа дейін Тәңірберген Бердоңғарға жұмыс тауып бер деп өтініш жасадым. Бірақ көбі жасым кәмелетке толмағандықтан жұмысқа қабылдаудан бас тартты. Осы жердегі жұмысты Айбол деген блогер арқылы таптым, мен оған жұмыс істегім келетінін айттым, ол мені осы жердің иесімен таныстырды», - дейді Темір Нұрислям.


Оның айтуынша, жұмыс істеуі үшін ата-анасының рұқсатын алған және ол апта бойы демалыссыз жұмыс істейді.

«Үйде 3 ағайындымыз. Мен үйдің үлкенімін, өзімнен кейін 2 қарындасым бар. Күн сайын сағат 15:30-дан 19:30-ға дейін жұмыстамын. Бұрын сабақтан бос кезімде күреске қатысып спортпен айналысқанмын. Уақыт өте келе спорттан гөрі, жұмыс істеп, ақша тауып, өз бизнесімді ашу идеясы дұрыс деген ойға келдім. Қазір ақша жинаудамын, оған сағызға арналған автомат сатып алып, дүкендерге қойып, қосымша табыс тапқым келеді. Неге ол құрылғы десеңіз, бір күні Discovery каналынан сағызға арналған құрылғының қалай жасалатыны және одан келетін пайда мен табыс туралы видео көрдім, содан соң маған оны сатып алу идеясы келді. Бұл құрылғы сақтандыру жұмыстарымен бірге алғанда 40 мың теңге тұрады. Бұйырса 1 айдың көлемінде ақша жинап аламын деп ойлаймын», - деді ол.

Жасөспірімнің сөзінше, ол бұған дейін де үйіне көмектесу мақсатында әртүрлі жұмыс істеген. Сонымен қатар, Темір еңбек ету жасына толмаған жеткіншектердің жұмыс істеуіне қатысты өз пікірін білдірді.

«Менің осында жұмыс істейтінімді ұстаздарым мен сыныптастарым білмейді. Оларға әзірге айтқан жоқпын. Иә, менің жасым жетпегендіктен көп жерде мені жұмысқа алмады. Бастысы менің ата-анамның рұқсаты бар және мен өз еркіммен істеудемін. Менің мақсатым - анам мен қарындастарыма көмектесіп, соларды қамтамасыз ету. Өз бизнесімді ашсам деген жоспарым да бар, ол үшін сен сол саланы жақсы білуің керек, тәжірибе қажет. Ал бұл жерде мен бір жағынан табыс тауып, екінші жағынан табыс табудың қыр-сырын үйреніп жатырмын. Мен бұл жерде біраз нәрсені өз көзіммен көріп, үйрендім. Егер жұмыс істемеген жағдайда сол 4 сағат үйде жайдан жай өтетін еді. Сондай-ақ қолым бос кезде интернеттен бизнесті бастауға қатысты түрлі дәрістерді тыңдап, қараймын»- деп тоқталды ол.

Астаналық жасөспірім мектеп бітірген соң қандай мамандықты таңдайтынын әзірге нақтыламаған.

«Мектеп бітірген соң қандай мамандықты таңдайтынымды әлі шешкен жоқпын. Уақыт көрсетер. Менің білетінім бизнес ашу үшін есепке жүйрік болу керек және тіл білу қажет. Сол үшін қазір математика мен ағылшын тілін тереңдетіп үйренуді қолға алғалы жатырмын», - дейді Темір.

Одан бөлек, біз жасөспірімге жұмыс берушінің пікірін тыңдап көрдік.

«Маған танысым хабарласты. Осындай жас бала бар, жұмыс істегісі келеді, өте ширақ деді. Мен ойланайық дедім. Содан хабарласып, осы жаңадан ашылған жеміс-жидек пен көкөністер сататын дүңгіршекке сатушының көмекшісі етіп алдым. Темір ерекше бала, маған оның еңбек етуге деген ынтасынан бөлек, оның жасына қарамастан тереңінен, әріден ойлайтыны ерекше әсер қалдырды. Тағы бір айтып өтетін жайт, Темір қазіргі жасөспірімдер секілді гаджет, компьютерлік ойындарға қызықпайды және ол ақша жинау үшін жалақыны әр айдың соңында беруді сұрады. Ол ақша жинағысы келеді. Әрине мен жұмыспен қатар оған өз білгенімді айтып, жөн көрсетіп жүрмін. Себебі мен де өз кәсібімді 17 жасымда бастағам. Сондықтан оны жақсы түсінемін», - дейді жеміс-жидек дүңгіршегінің иесі Санжар Кәрімбеков.


Соңғы жаңалықтар