Қаржы министрі салық бойынша жоспардың неліктен орындалмағанын айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАпарат - ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев биылғы жеті айының қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттің атқарылу көрсеткіштері жайында есеп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Республикалық бюджетке кірістер (трансферттерді есепке алмағанда) 2 трлн 714 млрд теңге сомасында түсті немесе жоспар 83,3 пайызға атқарылды. Кірістер бойынша жоспардың атқарылмауы 544 млрд теңгені құрады. Негізгі атқарылмау сомалары қосылған құн салығы және корпоративтік табыс салығына тиесілі болды», - деді министр Үкімет отырысында.

Корпоративтік табыс салығының атқарылмауына келесі факторлар әсер еткен:

- негізгі экспорттық позициялар бойынша бағаның орта есеппен 16,1 пайызға төмендеуі (шикі мұнайға – 35,8%, мырыш - 21,5%, алюминий - 12,7%, феррохром - 8,4%, мыс - 8,5% және қорғасын - 9,8%), бұл тау-кен секторындағы ірі салық төлеушілерден түсетін түсімдердің 42,6 пайызға азаюына әкеп соқтырды;

- 830 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының өткен жылдың 7 айымен салыстырғанда 184,3 млрд теңгеге төмендеуі;

- екінші деңгейдегі банктерден түсетін түсімдердің 30 млрд теңгеге азаюы.

Қосылған құн салығы бойынша жоспардың негізгі атқарылмау себептері:

- 2019 жылдан едәуір ауыспалы дебеттік қалдықтың болуына байланысты өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда қосылған құн салығын қайтарудың 84,4 пайызға өсуі;

- «Электрондық шот-фактуралар» АЖ деректері бойынша сату бойынша айналымдардың 12,4 пайызға азаюы. Негізгі төмендеу тау-кен өнеркәсібі саласына тиесілі, онда айналымдар 2019 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 34,4 пайызға немесе 3,5 трлн теңгеге төмендеген.

- карантин режимі енгізілуіне байланысты іскерлік белсенділіктің төмендеуі шамамен 19,3 мың салық төлеуші төлемдерін 187 млрд теңгеге төмендетті;

- Қазақстан Республикасының үшінші елдермен тауар айналымы 9,1 пайызға, оның ішінде маусым айында 23,6 пайызға төмендеуі және Қытай Халық Республикасынан тауарлар импорттайтын көлік құралдарының саны 16,7 пайызға төмендеуі тіркелді.


Соңғы жаңалықтар