Қаржы министрі бюджет қаражатын игермеген өңірлерді атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биылғы қаңтар-сәуір айларында қызмет көрсету салаларынан бюджетке түсім азайды. Бұл туралы ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2020 жылдың қаңтар-сәуір айларында республикалық бюджеттің шығыстары 4 трлн 340 млрд теңгені құрады. Бюджет қаражаты 62 млрд. теңгеге атқарылмады, оның 14 млрд теңгесі үнемдеу болды. Игерілмеген сома 48 млрд теңгені құрады», - деді министр Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Мемлекеттік органдардың қаржыны игермеуінің негізгі себептері ретінде министр конкурстық рәсімдерді ұзақ және уақтында өткізбеу, қазынашылық органдарына тіркеуге шарттар мен қосымша келісімдерді кеш ұсыну, шарттарды, қосымша келісімдерді жасасу рәсімдерін ұзақ жүргізу және сотта мемлекеттің мүддесін қорғау жөніндегі талап-арыз жұмыстарын жүргізуді атады.

«Нақтыланған бюджетте дағдарысқа қарсы шараларға 1 трлн 180 млрд. теңге қосымша қарастылды. Бұл соманың 70% жергілікті бюджеттерге «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы, «Ауыл - Ел бесігі», Бизнестің Жол картасы аясында кәсіпкерлердің жобаларын субсиядалау және кепілдендіру, агроөнеркәсіп кешенін субсиядалау көзделген. Барлық қажетті бюджеттік процедуралар жүзеге асырылды. Мемлекеттік сатып алулар жеңілдетілген процедуралар арқылы жүргізілуде. Есепті кезеңде осы қаражаттың 29 млрд теңгесі игерілді», - деді Ә. Смайылов.

Спикердің айтуынша, жергілікті бюджеттердің шығыстары 1 трлн 812 млрд теңгеге игерілді және 54 млрд теңгесі орындалмады.

«Ең көп игерілмеген қаражат: Алматы қаласында - 4,3 млрд теңге, Нұр-Сұлтанда - 2,1 млрд теңге, Павлодар облысында - 2 млрд теңге, Шымкентте - 1,9 млрд теңге, Батыс Қазақстан облысында- 1,3 млрд теңге», - деді Қаржы министрі.


Соңғы жаңалықтар