«Қару» акциясы: 908 азаматқа шамамен 91 миллион теңге төленді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Қару» акциясы аяысында қару-жарақ заттарын өз еркімен тапсырған 908 азаматқа шамамен 91 миллион теңге төленді. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қару» акциясы аясында ең көп атыс қаруы Түркістан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының полиция департаменттеріне тапсырылды. Бүгінгі күні қару-жарақ заттарын өз еркімен тапсырған 908 азаматқа шамамен 91 миллион теңге төленді», - деді Нұрділдә Ораз министрліктің баспасөз алаңында өткен дәстүрлі брифинг барысында.

Оның атап өтуінше, тарихи қызығушылық тудыратын үлгілерді қоспағанда, ерікті түрде тапсырылған атыс қаруы, оқ-дәрілер, жарылғыш заттар жойылады.

«Мысалы, Қарағанды облысының тұрғыны Тула қару-жарақ зауытында 1900 жылы шығарылған «Наган» маркалы шолақ револьверін тапсырды. Ол револьвер марқұм атасынан қалған сандықтан табылғанын айтқан. Комиссия револьверді Қарағанды облысы полиция департаментінің мұражайына экспонат ретінде беру туралы шешім шығарды», - деді ресми өкіл.

Нұрділдә Ораздың айтуынша, Шығыс Қазақстан облысының зейнеткері өткен ғасырдың басында шығарылған «Браунинг» маркалы тапаншаның алғашқы үлгілерінің бірін тапсырған. Бұл қарумен кезінде Бельгия мен АҚШ әскерлері қаруланған. Тапанша да экспонат ретінде мұражайға өткізілді.

«Тіркелмеген атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылатынын атап өту қажет. Соңғы 5 жылда атыс қаруын қолдану арқылы жасалған қылмыстар санының 2 есе төмедеуі қабылданып жатқан іс-шаралардың тиімділігін айғақтайды», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар