Қарттар қаласы қандай болуы мүмкін? - Шетелдік баспасөзге шолу

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әлемдік ақпарат көздеріне шолуды қолға алды. Осыған байланысты шетелдік БАҚ-та жарық көрген ағылшын тіліндегі маңызды мақалалар, таңдаулы ақпараттар қазақшаға аударылып беріледі және апта сайын шығару жоспарланады. Әлемдік баспасөздің көтерген маңызды мәселелерінен уақытылы хабардар болыңыз!

*  *  *

Бүкіләлемдік банк алғаш рет «адами капитал» рейтингін жариялады - Reuters
null

null  

Бүкіләлемдік банк «адами капитал» бойынша мемлекеттер рейтингін жариялады. Reuters агенттігі жариялаған материалда бұл рейтинг жүйесі Бүкіләлемдік банкке мүше 157 мемлекетті қамтып, үкіметтердің денсаулық пен білім беру саласына тиімді инвестициялар салу әрекетін бағалағаны айтылған.

Бүкіләлемдік банк өткен жылы «Адами капитал» жобасының басталғанын хабарлаған болатын. Мамандар алғашқы баяндаманы Индонезияда өткен Бүкіләлемдік банк пен Халықаралық валюта қорының жыл сайынғы жиынында жариялады.

«Бүкіләлемдік банк тобының президенті Джим Ен Кимнің айтуынша, жаңа индекс үкіметтерге «Doing Business» рейтингі секілді алға ұмтылуға, тиімді әрекеттерді қолға алуға итермелейтін болады. Сол себепті мемлекеттер адами капиталға инвестиция салуға барынша басымдық беруі керек», делінген мақалада.

Рейтингте көш бастап тұрған мемлекеттер қатарында Сингапур, Корея, Жапония, Гонконг, Финляндия, Ирландия, Австрия, Швеция, Нидерланды мен Канада бар. Ал рейтинг соңына Африканың кедей мемлекеттері жайғасқан. Денсаулық сақтау мен білім беру салаларын қамтыған рейтингте мемлекеттердің өнімділігі мен кірісі, сонымен қатар экономикалық өсімі ескерілген.

Баяндамада «бүгін дүниеге келген балалардың 56 пайызы үкіметтің инвестицияны дұрыс салмауы кесірінен өздерінің еңбекақыларының жартысынан астамынан айырылатыны» айтылған.

Айта кету керек, Қазақстан бұл рейтингте Испания (32), Ресей (34), Венгрия (38), Қытай (46), Біріккен Араб әмірлігін (49) артқа тастап, 31-орынға жайғасқан. Бүкіләлемдік банк мәліметтерінен Қазақстанның адами капитал индексі 0.75-ке тең екенін көруге болады.

***

Ауаның ластануымен күресу үшін көміртек салығын енгізу керек - Vox.com
 

Vox.com басылымы бүгінгі таңда әлемдегі ең үлкен экологиялық проблемалардың біріне айналған ауа ластануымен күресу үшін көміртек салығын енгізіп, оны ұдайы өсіріп отыру керектігін жазады. «Саясаткерлер мұндай салық туралы тіпті естігісі келмейді. Ал қоршаған ортаны қорғап жүрген белсенділер көміртек салығынан басқа жолды іздеп әлек. Олар климат саласындағы саясатта қазба отынды шығаруды шектеу керектігін, сол арқылы көміртек қалдығы да азая беретінін айтады. Бірақ, не себепті олар салық енгізіп, оны өсіріп отыруға қарсы?», дей келе автор өзінің осы сұрағына жауап беруге тырысады.

Жазуынша, бұл шектеу ауаның ластануын азайтқанымен, отын бағасын өсіреді. Көміртек салығы да солай. Ауаның ластануын азайтып, бағаны көтереді. «Екі жағдай да бір-біріне ұқсас. Бірақ көміртек салығының екі артықшылығы бар. Біріншіден, бұл ең лас энергия көзі, яғни, көмірге қысым көрсетеді. Ал көміртек қалдығын шектеуге тырысу қазіргі таңда көптеген зерттеулер жасалып жатқан газға да кері әсер етуі мүмкін. Екіншіден, көміртек салығы кірісті арттырады. Сол себепті АҚШ, Еуроодақ пен Жапония көміртек салығы мәселесін шешкендері жөн. Алдымен салықты аз мөлшерде енгізіп, кейін көбейтіп отыру керек. Әлемдік экономиканың ең ірі үш алыбы көміртек салығына қарсы мемлекеттерге қатаң тарифтер енгізе алар еді», деп жазады автор.

***

Климаттың өзгеру келешегі: енді не болады?  -TheNew York Times
null

null    

The New York Times басылымында жаһандық температура 1,5 ° C-тан жоғары көтерілсе не болатыны туралы көлемді мақала шықты. Мақалаға Климаттың өзгеруі бойынша сарапшылардың үкіметаралық тобына қатысатын 90-нан астам ғалымның жасаған баяндамалары арқау болған. Онда Климат жөніндегі Париж келісіміне қол қойған 200-ге жуық мемлекет жаһандық температураның 2 градустан жоғары көтерілмеуі үшін бірігіп әрекет етуге келіскені айтылады.

«Баяндама авторлары зерттеуді үш жыл жүргізген. Олардың айтуынша, Париж келісімі бойынша бекітілген 2 градустан 1,5 градустың айырмашылығы өте көп. Яғни, бұл жерде 0,5 градустың өзі маңызды рөл атқарады. «Жаһандық температура 1,5 градусқа артса, су астындағы маржанды жартастар 70-90%-ға азаяды. Ал 2 градусқа артса, мұндай жартастар мүлдем жойылып кетеді. Сонымен қатар 2 градус кезінде теңіз деңгейі 1,5 градустық сценариймен салыстырғанда шамамен отыз метрге көтеріледі. Сонымен қатар жаһандық температура 1,5ºС-тан жоғары көтерілсе, кейбір экожүйелер жойылуы мүмкін», деп жазады автор.

Мақалада осы күнге дейін жаһандық температура 1 градусқа көтерілгені, ал 2030 - 2052 жылдар аралығында 1,5 градусқа жететіні айтылыпты.  

«Ғалымдар климаттың өзгеруіне байланысты зерттеуді ұсынды. Тіпті, электр энергиясын көмірден тәуелсіз ету, бензиннен бас тарту, ормандарды құтқару керектігін айтты. Көміртекке салық енгізу шарасын да қарастыруға болатынын жеткізді. Дегенмен, саясаткерлер ғалымдармен санаса ма, санаспай ма деген сұрақ туындайды. Ғалымдар климаттың өзгеруімен қалай күресу керектігіне ғылыми дәлел келтірді. Енді тек әрекет ету керек!», деп қорытындалаған автор мақаласын.

***

Қарттар қаласы қандай болуы мүмкін? - The Guardian
null
null    

Ұлыбританияның The Guardian газетінде «Қарттар қаласы қандай болуы мүмкін?» деген тақырыппен көлемді мақала жарияланды. Онда БҰҰ зерттеуіне сәйкес 2050 жылға қарай 60 жастан асқандардың саны екі есеге артып, 2,1 миллиардқа жететіні айтылады және  әлем бойынша халық жасы ұлғайып, қала тұрғындары артып жатқандықтан, бұл құбылысқа қалай бейімделу керектігіне талдау жасалағн. Мақалада жазылғанындай, Лондонның солтүстігінде  50 мен 90 жас аралығындағы адамдарға арналған әлеуметтік кешен бар және оны ашуға 18 жыл уақыт кеткен. Мақалада Германия, Дания, Нидерландыда құрылған дәл осындай кешендерді «Қарт әйелдердің ортақ тұрғын үйі қауымдастығы» салғаны айтылады.

«Әлем халқының жасы ұлғайып бара жатыр және қала тұрғындарының саны да артып, урбанизация жылдам жүруде. Бұл қалаларды салу барысында қарттардың қажеттілігі де ескерілу керектігін көрсетеді. БҰҰ 2050 жылға қарай 60 жастан асқандардың саны екі есе артатынын болжап отыр. Қазірдің өзінде Жапонияның Акита қаласында әр үшінші адам 65 жастан асқан. Яғни, бұл демографиялық өзгеріске барлық қалалар бейімделуі керек», деп жазады автор.

Келтірілген деректерге қарағанда, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 60 жастан асқан адамдардың өмір сапасын арттыруға бағытталған қауымдастығына бүгінгі таңда 39 мемлекеттен 700 қала мүше болған. Олар бүгінде қарт тұрғындарының қажеттіліктерін ескеріп, сол бағытта жұмыс істеп жатқан көрінеді.

Мақалада қалалардың демографиялық өзгеріске бейімделуі үшін бірнеше аспектілерде өзгеріс болу керектігін айтылып, мамандар пікірін келтіреді. Солардың бірі - тұрғын үй саласын өзгерту. «Қарттарға арналған жаңа үйлер құрылысын дамыту керек немесе қазіргі үйлерді  модернизациялауға тура келеді. Себебі қазіргі тұрғын үйлер қарттардың азаматтық өміріне, достары мен отбасына көңіл бөлуіне, тіпті, баспалдақтардың көп болуынан далаға шығуына да қиындық туғызады. Сонымен қатар архитекторлар ақылды үйлердің де қаттар өмірін жеңілдете алатынын айтады», деп жазады автор.

Қалалардың бейімделуі керек екінші мәселе - қарттардың өміріне үлкен әсері бар қоршаған орта сапасы. Бұл ретте қолжетімді қоғамдық көлік, тротуар, орындықтар, көшенің жарық болуы, қоғамдық дәретханалар да қарттары көп қалалардың ажырамас бөлігіне айналуы керектігіне назар аударылады.

«Соңғы он жылда Нью-Йоркте 1500 жаңа орындық қойылып, Ұлыбританияда 300 кәсіпорын қарттарға арнап демалатын орындар жасады. Жақында 50 жастан асқан 18 мың адамның қатысуымен жүргізілген зерттеу нәтижесінде тегін қоғамдық көлік депрессия жағдайын төмендететіні белгілі болды. Осының барлығы қарттар өмірін жеңілдете алады», деп жазылған мақалада.

Сондай-ақ, мақалада қарттарға арналған қалаларда олардың қоғамдық өмірге араласып, жұмыс істеуіне де мүмкіндіктер қарастырылу керектігі айтылады. «Бұл денсаулыққа да, әлеуметтік жағдайға да жақсы. Мысалы, Гонконгте зейнетке шыққан соң да жұмыс істеу мүмкіндігі қарастырылған. Дегенмен, мұндай қалаларда жұмыс, тұрғын үй, инфрақұрылымнан бөлек қарттарға тез әсер ететін климаттың өзгеруі, ауаның ластануы секілді жаһандық факторларға да басымдық берген жөн. Қалаларды дамыту жоспарында міндетті түрде қарттардың қажеттіліктері де ескерілгені маңызды», деп қорытындылайды автор.

***

Аптасына төрт күн ғана жұмыс істесек, не болады? - ВВС
null  

ВВС басылымында «Аптасына төрт күн ғана жұмыс істесек, не болады?» деген тақырыппен көлемді мақала жарияланды. Онда қазіргі таңда төрт күндік жұмыс аптасының пайдасы туралы көптеген зерттеулер жүргізіліп жатқаны жазылып, осы жүйеге көшіп кеткен бірнеше компанияны мысалға тартыпты.

 «Жаңа Зеландияда Prospect Guardian компаниясы бұрынғы жалақысын сақтай отырып қызметкерлерін төрт күндік жұмыс аптасына көшірді. Окленд университетінің зерттеушілері эксперимент нәтижесінде қызметкерлерге зерттеу жүргізіп, қызметкерлердің 24%ы жұмыс пен жеке өмірдегі балансты анағұрлым жақсартқандарын анықтады. Сондай-ақ 7% жағдайда қызметкерлер жұмыстан түсетін ауыртпалықтың азайғанын айтқан. Ал тәжірибе соңында компания жұмыс өнімділігінің азайғаны туралы ешқандай мәлімдеме жасамады. Тіпті, Окленд технологиялық университетінің кадр ресурсы мен менеджмент профессоры Джаррод Хаардың айтуынша, төрт күндік жұмыс аптасында қызмет көрсету сапасы артқан. Тәжірибе басталған кезде компания басшысы қызметкерлерге төрт күнде жұмыс өнімділігі 100% бұрынғы қалыпта сақталып тұрмаса, қайтадан қалыпты режімге қайтып оралатындарын айтты. Бұл оларға үлкен мотивация болды», деп жазылған мақалада. 

Автор 2016 жылы жарияланған баяндамалардың біріне тоқталып, қазіргі заманда өмір сүріп жатқан ұрпақ өзін тым жұмысбасты сезінетінін, яғни, жұмыстың астында қалғандай күй кешетінін айтқан. Сосық қызықты деректер де келтіріпті. Мәселен, Ұлыбритания жұмысқа байланысты күйзеліс кесірінен бір жылда 12,5 миллион жұмыс күнін жоғалтқан екен. Яғни, жұмыс аптасының қысқаруы адамның психикалық денсаулығына оң әсер ететіні туралы зерттеулер шындыққа сай келеді деуге де болады.

«Соңғы кездері төрт күндік жұмыс аптасы туралы жиі талқыланып жүр. Технологиялардың біздің өмірімізді қалай өзгертетініне кейбір адамдар теріс көзқарасты ұстанады. Бірақ технология жақсы күшке айнала алады. Оның көмегімен біз өз өмірімізді де, басқалардың өмірін де жақсарта аламыз. Бірақ ол үшін адам жұмыс орнында өзін жақсы сезінуі әрі өзінің жұмысына көңілі толуы керек. Әрине, төрт күндік жұмыс аптасын қолдамайтындар да баршылық. Дегенмен, Оксфорд профессорларының айтуынша, қызметкердің жеке өмірі мен жұмысының арасындағы баланс компанияның да ақшасын үнемдеуге көмектеседі. Себебі бақытты қызметкердің жұмыстан кетіп қалуы екіталай», дейді автор. 

Соңғы жаңалықтар