Қартаю және ұзақ өмір сүру саласындағы мемлекеттік саясаттың басымдықтары талқыланды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 7-8 қазанда ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен БҰҰ Тұрғын халық саласындағы қорының (ЮНФПА) Қазақстандағы кеңсесі «Қартаю саласындағы мемлекеттік саясаттың бағыттары мен басымдықтары. Қазақстан азаматтары үшін белсенді, салауатты және лайықты ұзақ өмір сүру» тақырыбында семинар-тренинг ұйымдастырды.

Парламент Сенаты және Мәжіліс депутаттары, мүдделі мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ өкілдері семинар барысында үздік халықаралық тәжірибелерге сәйкес қазақстандықтарға белсенді, салауатты және лайықты ұзақ өмір сүруді қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.

Семинарды ашқан модератор, Ұлттық комиссияның мүшесі, «Ұлттық кардиохирургия орталығы» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Б.Тұтқышев: «Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына, сондай-ақ «Ешкімді артта қалдырмау» жаһандық күн тәртібіне сәйкес өмір сүру сапасын арттыру, егде жастағы азаматтардың әлеуметтік және психологиялық әл-ауқатын жақсарту жөніндегі шараларды әзірлеу мемлекеттік әлеуметтік саясаттың ажырамас бөлігі болып табылады. Демографиялық болжамдарға сәйкес алдағы 30 жылда Қазақстан халқының жас құрылымындағы негізгі өзгерістердің бірі қартаю болады. Сондықтан нақты тексерілген ұлттық саясат ел үкіметінің күн тәртібінде болуы керек».

Семинар қатысушыларына Парламент Сенатының депутаты Д.Нөкетаева құттықтау сөз сөйледі. «Егде жастағы адамдардың жағдайын зерттеу нәтижелері халықтың осал топтарына ерекше назар аудара отырып, Тұрақты Даму Мақсаттарына қол жеткізу үшін маңызды болып табылады, оларға егде жастағы адамдар да жатады. Сондықтан, Парламент депутаттары, орталық мемлекеттік органдар өкілдері үшін осы семинар-тренингті өткізу уақтылы деп санаймыз», - деп атап өтті сенатор.

ЮНФПА зерттеулерінің болжамы бойынша, Қазақстанда 2050 жылға қарай 65 жастан асқан адамдардың саны 2 есеге - 3,4 млн адамға дейін, ал олардың халықтың жас құрылымындағы үлесі 14%-дан астамға дейін ұлғаяды. Ел демографиялық көшудің бастапқы сатысында тұр. Алайда, Қазақстанның солтүстік-шығысында және орталығының бір бөлігінде қартайған ұлтқа тән 7% шегі еңсерілді.

Семинар барысында шетелдік және отандық сарапшылар демографиялық ауысудың, халықтың қартаюы мен белсенді ұзақ өмір сүрудің; қартаю мәселелері бойынша БҰҰ бағдарламалық құжаттарында егде жастағы адамдардың құқықтарын қамтамасыз етудің; Қазақстандағы халықтың қартаю ерекшеліктері мен әлемдегі үрдістердің өзекті мәселелерін талқылады.

Семинар-тренинг қатысушылар мен сарапшыларға аға буын азаматтарының өмір сүру сапасын арттыру және әлеуметтік және психологиялық әл-ауқатын жақсарту бойынша шараларды әзірлеуді бірлесіп талқылауға мүмкіндік берді.


Соңғы жаңалықтар