Қарлы боранда бақташы жоғалып кеткен - ШҚО

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданында қарлы боран салдарынан бақташы жоғалып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, құтқарушыларға хабарласқан Жарма ауданының тұрғындары малға кеткен бақташының сол күйі қайтып оралмағанын айтқан.

Бірден Семей қаласының жедел-құтқару жасағының қызметкерлері, жергілікті атқарушы органның мамандары, полиция қызметкерлері және ауыл халқы оны іздеуге көшеді. Нәтижесінде таңғы сағат 4.30-да ірі қара мал, ал 9.50-де бақташының өзі табылды.

«Бұдан бөлек, құтқарушылардан екі учаскеде жолда қалған жүргізушілер көмек сұраған. Оның бірі Көкпекті ауданының орталығынан 30 шақырым жерде орналасқан Байбура учаскесінде қар құрсауында қалыпты. Олар КУНГ автокөлігімен сонда барып сынған көлікті жөндеуге көмектесіп, ауылға жеткізіп тастаған. Ал екінші оқиға республикалық маңызы бар «Семей-Қайнар» тасжолының 37 шақырымында орын алды. №11 өрт сөндіру бөлімшесінің қызметкерлері үш адамды қауіпсіз жерге көшіріп, көлікті Семей қаласына жеткізген», - делінген ведомство мәліметінде.

Естеріңізге сала кетейік, Шығыс Қазақстан облысында 19 ақпанда қар толассыз жауған болатын. Құтқарушылар тұрғындарға елді мекендерден шықпауға кеңес берді. Республикалық және облыстық маңызы бар жолдар жабылды. Нақты айтқанда, барлығы 16 жол учаскелеріндегі көлік қозғалысы жабылып, шектелген.


Соңғы жаңалықтар