Қарқаралыда студенттер үшін 100 орындық жатақхана салынды

None
None
ҚАРҚАРАЛЫ. ҚазАқпарат – Елбасының бес әлеуметтік бастамасын іске асыру аясында Мыңжасар Әдекенов атындағы Қарқаралы ауыл шаруашылығы колледжінің студенттері үшін жаңа жатақхана салынды. Төрт қабатты ғимарат 100 орынға шақталған. Бұл студент жастардың жатын орнына қатысты мәселені шешуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жобалық менеджменттің арқасында жатақхана құрылысы жоспарланған мерзімінде аяқталды, жақын арада ол студенттерді қабылдай бастайды. Жайлы бөлмеден басқа, мұнда жұмсақ жиһаз және теледидар орнатылған демалыс орны, компьютері бар оқу залдары, сондай-ақ кір жуатын орындар бар.

«Бүгінгі таңда Қарқаралы ауылшаруашылық колледжінде 158 студент білім алуда. Олардың көпшілігі елдің түкпір-түкпірінен келеді. Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында 45 оқушы республикалық бюджет есебінен білім алуда. Бұрын олар оқу орнынан бірнеше шақырым жерде орналасқан ескі жатақхана ғимаратында тұрған. Оларға оқуға жаяу баруға тура келді», – деді Қарқаралы ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы Гүлбаршын Жұмаханова.

Шахтинск қаласында да студенттер жатақханасын салу керек. Бұл мәселені шешу үшін ескі оқу орындарының бірінде күрделі жөндеу жүргізілуіп жатыр. Ғимарат жатақхана ретінде қайта жөнделеді. Ондағы жұмыс 65%-ға орындалды.

Қарағандыда тау-кен металлургия колледжінің жатақханасына күрделі жөндеу жүргізу үшін жоба-смета құжаттамасы әзірленді.

Қарағанды облысында колледж жанындағы 30 жатақхана бар. Олар 4 410 орынға есептелген.


Соңғы жаңалықтар