Кәріз тазалауға арналған жаңа қондырғы Атырау экологиясын жақсартады

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Нұрлан Ноғаев Атырау қаласының сол жағалауындағы кәріз тазарту жүйесінің құрылыс барысын бір шолып қайтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Атырау қаласының сол жағалауына арналған кәріз тазарту қондырғылары кешенінің құрылысы 2017 жылы басталған. Қазіргі уақытта негізгі құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып келеді. Келесі жылы аталмыш кешен өз қызметін толыққанды бастауы тиіс.

Өңір басшысы аталмыш жобаның ерекшелігіне тоқтала келіп, аймақтың экологиялық қауіпсіздігі үшін маңызды екенін атап өтті.

Кешен құрамында негізгі кәріз айдау стансасы, тазаланбаған ағын су қондырғысы, кәріз тазарту қондырғыларының алаңы, тазаланған ағындардың коллекторы, биологиялық көлдер мен булану алаңдары бар. Тазартудың бұндай тәсілі Қазақстанның тек бірнеше қаласында ғана пайдаланылады. Жаңа кешен пайдалануға тапсырылған соң «Сасықсайдағы» булану алаңдары жойылады.

Жаңа кешенді пайдалануға тапсырған соң ғана мүмкін болатын ағынды суды тазалаудың жаңа түрі ең алдымен экология үшін аса маңызды. Тазаланған су көздері, жер қабаттары мен жерасты суының ластануына жол бермейді. Тағы бір ескерер жайт, лас су айналадағы экологиялық жүйеге кері әсерін молынан тигізеді.

Жаңа тазалау қондырғылары жұмыс барысының тиімділігін арттырады. Өйткені, тазаланған ағын суды шаруашылық мақсатта қайтадан пайдалануға болады.

«Атырау Су Арнасы» КМК өкіліне облыс әкімі тосын ұсыныс жасады.

«Осы нысанды кейін сіздің мекеме өз құзырына алады. Мамандарыңыз қазірден-ақ аталмыш кешенде жұмыс жасай алуы үшін қондырғының қыр-сырымен таныса беруі керек. Олар нысан пайдалануға тапсырылғанша қызметті бастап кететін дәрежеде болуы керек. Маусыммен қызмет жасауы үшін мұнда кем дегенде 20 шақты маманды жіберуіңіз керек, - деді Нұрлан Ноғаев. – Жұмыстар жоспарға сай жүргізіліп келеді, нысанды межелі уақытында тапсыруымыз керек».

Биылғы наурызда облыс әкімі нысанға келген болатын. Сол кезде атап өткендей, аталмыш жобаны жүзеге асыру қала маңындағы көптеген проблеманы шешеді, әсіресе, экологиялық ахуалды жақсартады. Кейін кәріз тазарту кешенінің жүйесіне жеке сектордағы үйлерді қосу да жоспарланып отыр.

Айта кетейік, қазіргі қолданып жүрген кәріз тазарту жүйесі сонау 1978 жылы салынған. Сол уақыттан бері бұл жүйеге жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Ағын су булану алаңдарына жіберілер алдында тиісті тазартудан өткізілмеген. Жаңа жүйе іске қосылған сәттен бастап кәріз жүйелерінің экологияға теріс ықпалы мүлдем тоқтайды.

Соңғы жаңалықтар