Қарасай шатқалындағы таңбалы тастар жоғалып кетуі мүмкін

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысы аумағында орналасқан Қазақстанның оңтүстігіндегі тауларда жартасқа салынған он мыңдаған суреттер бар, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Ғалымдардың айтуына қарағанда, Тянь-Шань тау сілемі, Қаратау мен Алатау шатқалдарымен көмкерілген Талас аңғарындағы алғашқы адамдар миллиондаған жыл бұрын пайда болған. Өлкенің бай тарихи өткені көптеген қорғандарда, ежелгі мекендерде, қалашықтарда, тас мүсіндерде бейнеленген. Бұлар өз кезегінде ашық аспан астындағы музей болып табылады. Жамбыл облысының аумағында олардың саны мыңдап саналады.


Ғалымдар Қордай мен Шу-Іле тауларында, Қарасай, Бота-Мойнақ, Ақбұлым, Шоқпар, Қотыр, Ақсүйек, Ой-Жайлау, Аңырақай шатқалдарында және т.б. орналасқан Жамбыл облысындағы петроглифтерді біздің заманымызға дейінгі II мыңжылдықтан бастап ары қарай - біздің заманымыздың орта ғасырларына тән деп есептейді. Жартастағы алғашқы суреттерді 1896 жылы Түркістан тарих әуесқойлары қоғамының археологиялық экспедициясы тапты.

2010 жылы «Археологиялық сараптама» ЖШС экспедиция жүргізді.

Осы орайда «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының аға ғылыми қызметкері Анна Крокошевамен бірге Қарасай шатқалына барып, тарихи жәдігерлерді өз көзімен көріп қайтты.


«Қарасай шатқалы - қола дәуірінің, ерте темір дәуірі мен кейінгі орта ғасырлардың ерекше көркем галереясының бейнесін жасайды, - деді Анна Крокошева.

- Мұнда екі мың және одан да көп жыл бұрын өмір сүрген адамдар жазуды білмейтін болған. Адамдар тасқа өздерінің жан дүниесін, тұрмыс салтын, дүниетанымын, діни ғұрыптарын қашап салған.  Бұл суреттердің салынғанына үш-төрт мың жыл болды. Бұл  бүгінде бізге жеткен бабаларымыздың ізі, сондықтан да оларды сақтап қалуымыз керек.


Жартастағы суреттері бар петроглифтерді Қырғыз жотасында, Тянь-Шань тауының батыс сілемінде, Қаратау мен Алатау жоталарынан да көптеп кездестіруге болады. Қазақстанның оңтүстігіндегі көптеген шатқалдардағы петроглифтерді осы маңда мекендеген адамдар қалдырған. Бұл жерлер киелі болып саналған. Яғни, мұнда адамдар түрлі діни рәсімдерді өткізген. Бұл қасиетті рухани орындар. Бізге осындай көптеген орындар мұра болып қалды, олар Жамбыл облысының барлық аумағында орналасқан. Петроглифтердің нақты санын айту қиынға соғады. Кейбіреулері белгілі бір орында тұтастай кездеседі. Басқа жеке тұрғандары тау жоталарында созылып орналасқан. Әлі ашылмаған, біз білмейтіндері де болуы мүмкін. Біз оларды ежелгі адамдардың өмір сүрген елді мекендерінен, қасиетті орындарынан тауып жатырмыз.

- Петроглифтер қай жерде көп шоғырланған?

- Петроглифтердің ең көп шоғырланған орындарына Қаратау жотасы, Теріс өзенінің бойы, Тамдысай мен Бота-Майнақ шатқалдары, Жуалы ауданындағы Маймақ аумағы жатады, сондай-ақ Кабаевка кентінде де петроглифтер кездеседі. Әлбетте, бірегей жартастағы суреттері бар Қарасай шатқалын айтпай кетуге болмас. Осы шатқалдың өзінде, алдын ала деректер бойынша, қазіргі таңда бес жүзге жуық сурет бар. Өкінішке қарай, көптеген тас блоктар желдің салдарынан бұзылып жатыр, сондықтан көбісі жойылып кетті.

Соңғы уақытта, ескілік ескерткіштерді қолдану арқылы ландшафт дизайнын жасау сәнге айналғанда. Мәселен, КамАЗдармен келіп, петроглифтері бар тұтас блоктарды арамен кесіп, учаскелерін безендіру үшін үйлеріне әкетіп жатыр...

- Бұл мүмкін тарихи ескерткіштерді сақтап қалуға септігін тигізетін шығар - тіпті мектептердегі музейлерде болсын?

- Жоқ, бұл проблеманың дұрыс шешімі емес. Петроглифтер дәл осы тарихи орында тұрғанымен қызықты. Егер оларды басқа орындарға алып кетсе, онда олар тарихи маңызын жоғалтады. Адамдарды бала күннен бастап бабалар мұрасына ұқыпты қарауға дағдыландыру керек.

- Бүгінде Жамбыл облысындағы жартастағы суреттер зерттеліп жатыр ма?

- Петроглифтер анықталып, жартастағы суреттер тізіміне енгізіледі, бұл деректер «Жамбыл облысының ескерткіштер жинағына» жарияланады. Біздің петроглифтерге толықтай әрі жан-жақты зерттеу жүргізілмеген десек те болады. А. Печерский, Э. Новгородова, В. Урюпин, А. Марьяшев, В. Волобуев, К. Байбосынов, К. Байпақов, А. Досымбаева, А. Попов және басқа да көптеген өлкетанушылар таңдаулы зерттеу жүргізді. Петроглифтер қазіргі тарихшылар мен археологтар үшін «ашық кітап» болып қала бермек деуге болады.


- Анна Валерьевна, Қарасай шатқалындағы «кітаптан» не оқуға болады?

- Жартастағы суреттер ежелгі тарихқа үңілетін мүмкіндік болып табылады. Бұл жерде бейнеленген суреттер ежелгі адамдардың өмір салтын көрсетеді. Аң аулап жатқан сәт, бұл өңірде қандай жануарлар мекендегені,  қандай құстар, жыландар болғаны бейнеленген. Біз қасқырлардың, жабайы арқарлардың, мүйіздері бұғылардың, жабайы өгіздердің суреттерін анық көреміз. Жолбарыс тұқымдас жыртқыш аңдар бейнеленген - пантера, арыстан, жолбарыстың суреттері айқын көрінеді. Мүйізтұмсыққа немесе су сиырға ұқсайтын аңның бейнесі таңқалдырады.


Яғни, бұл жерде бұрынырақта тұяқтыларға шабуыл жасайтын көптеген жабайы аңдар мекендеген, алайда бүгінде олар бұл аумақта сақталмаған. Бүгінде төрт мың жыл бұрын Тараз маңында арыстандар мен жолбарыстар, жабайы өгіздер мен бұғылар жүгіріп жүргенін сеніммен айтуға болады, адамдар жабайы түйелерді қолға үйреткен. Бұл суреттегі адамдар аңшылар түрінде көрсетілген. Ежелгі адамның түйені жетектеп, жабайы жануарларды қолға үйретін жатқан сәттер бар.


***

Бүгінде Қарасай шатқалы туристік сапарлар мен мектеп экскурсиясына арналған танымал орынға айналған. Жамбылдық туристік фирмалар өз қонақтарына осында алып келуді әдетке айналдырған. Мектеп оқушыларын ежелгі естеліктерді көруге және өлкетану көрнекті сабағын өткізуге алып келуде. Аталмыш шатқал Таразға жақын орналасқан, онда бірінші қалалық автобусқа отырып, кейін бірнеше шақырымды таулы жерде серуендеу арқылы жаяу баруға болады.

Жамбылдық тарихшы-өлкетанушылар қажетті шараларды тез арада қолданбаса, өңірдің бірегей тарихи құндылығынан айырылып қалатынына сендіріп, Қарасай петроглифтерінің тағдырына алаңдаушылық танытуда. 

Соңғы жаңалықтар