Карантин: Жамбыл облысында жедел әрекет ету орталығы құрылады

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында төтенше жағдай кезіндегі жұмыстарды ұтымды ұйымдастыру мақсатында облыстық штаб жанынан жедел әрекет ету орталығы құрылады, - деп хабарлайды ҚазАқпарат Жамбыл облысы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Ол туралы облыстық жедел штабтың кезекті отырысында айтылды. Басқосу барысында Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев карантиндік режим жағдайында қабылданып жатқан шаралар туралы хабарлады. Сондай-ақ, аумақтардағы жағдай туралы Қордай, Меркі және Мойынқұм аудандарының әкімдері Рүстем Дәулет, Мейірхан Өмірбеков, Мәден Мұсаев баяндады.

- Жағдай күрделене түсуде. Бұл бізден барынша күш-жігерді, жедел шешімдер мен нақты іс-әрекеттерді талап етеді. Өкінішке қарай, біздің тұрғындардың көпшілігі төніп тұрған қауіпті сезінбей отыр. Бұған Тараз қаласындағы көріністер дәлел бола алады. Кешегі күннен бастап облыс орталығында карантин жарияланып, адамдарға өздерін оқшаулау бойынша шектеу енгізілген. Алайда қала көшелерінде автокөлікпен жүргендердің қарасы азаяр емес. Мұндай карантиннен қандай нәтиже күтуге болады? – деп атап өтті облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Сондай-ақ, аймақ басшысы блокпосттарда тиянақтылық жоқтығын, олардың кейбіреуі әлі күнге дейін тиісті түрде жабдықталмағанына назар аудартты. Таразда карантин жарияланғаннан кейін қаланың кіреберісінде автокөлік кептелісі байқалған. Бұл мәселені дереу шешу керектігі айтылды. Бұл банктердегі толассыз кезектерге де қатысты. Әсіресе тұрғындармен тығыз жұмыс жасайтын Халық банкі бөлімшерінде аталған түйткіл көрініс табуда. Тұрғындарды тамақ өнімдерімен қамтамасыз ету және бірінші кезектегі қажетті тауарлардың бағасын бақылауға байланысты мәселелер өзекті болып қалуда.

Жиында облыстық штаб жанынан жедел әрекет ету орталығы құрылатыны айтылды. Ол штабтың жұмысшы органы болады. Ол жеті бағыт бойынша жұмыс істейді:

- Тараз қаласы мен аудандардың блок-бекеттерінің, штабтарының жұмысын үйлестіру;

- медициналық, санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік;

- азық-түлік қауіпсіздігі;

- жеке тұлғалардың, көлік пен тауарлардың қозғалысын бақылау;

- әлеуметтік қорғау, еңбек қатынастары;

- облыстың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету;

- халықты ақпараттандыру.

Орталықта өңірдегі ахуал туралы барлық ақпарат жинақталып, сараланып, ең өзекті мәселелер бойынша алдын ала шешімдер әзірленіп отырмақ. Орталыққа төрағалық ету облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековке жүктелді.

Соңғы жаңалықтар