Карантин: Түркістанда қоғамдық бақылау күшейді

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістанда қаладағы эпидемиологиялық жағдайға қоғамдық бақылауды күшейту мақсатында арнайы рейд шаралары ұйымдастырылуда.

Карантиндік талаптарды тексерудің кезекті шарасы еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Рейдтке шыққан арнайы мобильді топтың құрамына бұл жолы қала және аудан полицейлері, әкімдік қызметкерлері, қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы мен кәсіпкерлік палатасының қызметкерлері қатысты.

Шаһардағы дүкендер мен көпшілік тамақтанатын орындарды аралау барысында кәсіпкерлік нысандардағы карантиндік талаптардың сақтала бермейтіні анықталды. Мәселен, азық-түлік дүкендерінде сатушылар да алушылар да бетперде тақпайды, кіреберісте антисептикалық сұйықтықтар қойылмайды. Дәл осындай жағдай дәмханалар мен мейрамханаларда да қалыптасқан.


Онда келушілерді отырғызуда ара қашықтықтың сақталмайтыны, даяшылар мен әкімшілік қызметкерлері және келген қонақтар да бетпердесіз жүргені анықталды. Карантиндік талаптарға сай нысандарды уақтылы жабу бойынша да кемшіліктер тіркелді.

Айта кетейік, бұған дейін өңірде 217 адам отбасылық той-жиын өткізіп, ұйымдастырғаны үшін жауапқа тартылған болатын. Олардың арасында 64-і «Беташар» болса, 36-ы «Қыз ұзату» тойлары тіркелген. Ал, полицейлердің айтуынша, облыста шектеу шараларына қарамастан ережені елемейтіндер қатары көбейіп отыр.

Жалпы, бүгінгі күнге дейін Түркістан облысының полицейлері ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабымен «Халықтық санитариялық-эпидемиологиялық, гигиеналық талаптарын бұзу» бойынша 2889 жайтын тіркеп, әкімшілік хаттамаларды сотқа өткізген.


Соңғы жаңалықтар