Карантин: Түркістан облысында жыл басынан бері 48 көкпар өткен

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында жыл басынан бері карантин режимін бұза отырып, ұлттық спорт түрі «көкпар» өткізудің 48 жайты анықталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған жайттарды рейд барысында анықтаған полицейлер, тиісті шара қабылдау үшін қажетті құжаттарды жинақтап, СЭББ-ға жолдауда.

Дегенмен карантин шараларын елемейтін азаматтардың саны азаймай отыр. Соның салдарынан халықтың денсаулығын қауіпке итермелеуде.

Осындай адамдар тобын көптеп жинап, көкпар өткізудің кезекті жайты Шардара ауданында анықталды.

Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Көксу ауылдық округіне рейд жүргізді.

Нәтижесінде Көксу ауылы маңында 100-ге жуық адамның қатысуымен өткізіліп жатқан «Бата көкпар» тоқтатылып, полиция қызметкерлерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Көкпарға жиналған халық бірден тарқатылды.

Көкпарды ұйымдастырушы Шардара ауданының тұрғынына қатысты ҚР ӘҚБтК 425-бабы 1-бөлімімен материалдар жинақталып, әкімшілік хаттама толтыру үшін СЭББ-ға жіберілді.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға карантин режимінің талаптарын қатаң сақтауды, бұқаралық спорттық және басқа да іс-шараларды өткізуден бас тартуға кеңес береді.

«Карантин кезінде санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтау қажет. Сондай-ақ, медициналық бетперде тағып, антисептиктер қолданып, әлеуметтік арақашықтықты сақтаған жөн» деп ескертеді полиция.


Соңғы жаңалықтар