Карантин тәртібін бұзудың мыңнан астам дерегі анықталды - Алматы облысы

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының полиция қызметкерлері санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың бұзылуын анықтауда. Барлық тыйымдарға қарамастан, облыс тұрғындары топпен жиналып, жаппай іс-шаралар өткізуді жалғастыруда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тексеру кезінде сауда орындарында және әртүрлі салондарда санитайзерлер мен басқа да гигиеналық заттар жоқ екенін көрсетті.

Сонымен қатар, бетперде тағу тәртібін бұзу деректері де жиі кездеседі.

«Карантин енгізілгеннен бастап құрамына жергілікті полиция қызметі қызметкерлері енген мониторинг топтары осыған ұқсас бұзушылықтарды анықтау бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізуде. Тек бір аптада карантинді бұзудың 83 фактісі анықталды. Олардың негізгі үлесі сауда үйлерінде, сұлулық салондарында және ойын клубтарында санитарлық заттардың болмауының еншісінде. Медициналық бетперде киюді елемейтін азаматтар тарапынан да бұзушылықтар бар. Жалпы карантин басталғаннан бері 1003 бұзушылық анықталды. Барлық анықталған карантиндік нормаларды сақтамау фактілері бойынша тиісті хаттамалар толтырылды», - деді Алматы облысы ПД ЖПҚБ бастығы полиция полковнигі Бағдат Әшімов.

Облыс аумағында карантиннің бұзылуын анықтау үшін арнайы құрылған мобильді топтар жұмыс істейді. Тек облыс орталығында демалыс күндері енгізілген локдаунға немқұрайлы қарап, іс-шараны өткізудің 3 дерегі тіркелді. Ойын-сауық мекемелерінің иелері жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ келушілерге қатысты әкімшілік сипаттағы шаралар қабылдануда.

«Жалпы алғанда облыс бойынша құрамына полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар мен санитарлық-эпидемиологиялық қызмет өкілдері кіретін 35 мониторингтік топ жұмыс істейді. Олар карантин нормаларының бұзылуын анықтау бойынша тәулік бойы жұмыс жүргізуде», - деді полковник Әшімов.


Соңғы жаңалықтар