Карантин тәртібін бұзған елордалықтарға 60 млн астам теңге айыппұл салынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова шектеу шараларына қарамастан қызметін заңсыз жалғастырған кәсіпкерлік нысандар туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қабылданып жатқан алдын алу, түсіндіру шараларына, шектеу және үлкен әкімшілік санкцияларға қарамастан, жыл басынан бері кәсіпкерлік субъектілері де, жеке тұлғалар да 287 бұзушылық фактісіне жол берді», - деді С. Бейсенова Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі ұйымдастырған онлайн-брифингте.

Аталған заңбұзушылықтар үшін 258 жеке және заңды тұлға 60 403 560 теңгеге әкімшілік жауапқа тартылды. Оның ішінде 149 кәсіпкерлік субъектісі – 55 634 265 теңге сомасына және 109 жеке тұлға - 4 769 295 теңге сомасына жауапқа тартылған.

«Бүгінде сот 18 кәсіпкерлік нысанын әкімшілік жауапқа тарту және қызметін тоқтата тұру туралы шешім қабылдады. Бірақ «Алания» түнгі клубы, «Echo» лаундж бары, «Сторис» лаундж бары, «Raspawn» компьютерлік клубы, «Abba» лаундж бары, «GINZA» караоке-мейрамханасы, «Cabera» ресто-бары, «Табыс» дүкені өз қызметін жалғастырған. 2021 жылғы 26 қаңтарда және 11 ақпанда сот орындаушылары сот қаулыларының нысандар қызметін тоқтата тұру бөлігін орындау мақсатында есіктерін мөрлеу арқылы «Tequila» караоке бары мен «ZOLOTO» мейрамханасының қызметін тоқтатты. Соған қарамастан, «Doganstroy» ЖШС және «Tequila» кафе барын ашып, өз қызметін жалғастырған», - деп атап өтті спикер.

Аталған факті бойынша департамент Нұр-Сұлтан қаласының Әділет департаментіне сот шешімін орындамағаны үшін әкімшілік жауапқа тарту туралы хат жолдаған.

«Жеке және заңды тұлғалардың сот шешімдерін орындамағаны үшін ҚР ӘҚБК 669-бабы бойынша жеке тұлғаларға 5 АЕК айыппұл салу немесе бес тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу, ал кәсіпкерлік субъектілері үшін санатқа қарай 30-дан 50 АЕК-ке дейінгі әкімшілік жауапкершілік көзделген. Сондай-ақ, сот шешімін орындамағаны үшін ҚР Қылмыстық Кодексінің 430-бабымен қылмыстық жауапкершілік көзделген, оның санкциясымен сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген», - деп еске салды елордалық бас санитарлық дәрігер.


Соңғы жаңалықтар