Карантин: Шығыс Қазақстанда жұма намазға жиналуға рұқсат берілді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – ШҚО бас мемлекеттік санитар дәрігері міндетін атқарушының жаңа қаулысы жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаулыда жазылғандай, мешіттерде намаз (оның ішінде жұма намазын) келушілерді шахматтық реттілікпен отырғызып, жалпы сыйымдылығының 30%-на дейін толтырумен оқуға рұқсат берілді.

1-5 сыныптар және 9, 11 (12) сыныптар аптаның 6 күнінде аралас оқиды. Пәндердің 70%-ы штаттық режимде, 30%-ы қашықтан оқыту форматында жүзеге асырылады.

«Сондай-ақ толтырылуын 30%-дан асырмай, жалпы саны 50 адамға еске алу рәсімдерін (ас беру) өткізуге, бір отбасы мүшелерін қоспағанда көрермендерді шахматтық реттілікпен отырғызып, жалпы адам санын 20%-дан асырмай спорттық іс-шараларды өткізуге болады. Балалардың ойын алаңдарын, аттракциондардың толтырылуын 30%-дан асырмай, жалпы саны 50 баланы кіргізіп жұмыс істеуге рұқсат етілді» делінген құжатта.

Енді циркке де баруға болады. Қойылар талап – келушілерді шахматтық реттілікпен отырғызып, жалпы адам санын 30%-дан артық толтырмау.

«Жалпы адам санын 30%-дан асырмай бильярд клубтары жұмыс істей бастайды. Жеке немесе 15 адамнан аспайтын топтар үшін маскалық режимді және кемінде 2 метр қашықтықты сақтай отырып, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға баруға рұқсат берілді. Ұлттық құрама, клубтық командалар және облыстық командаларды дайындау үшін бір мезгілде 30 адамнан аспайтын мөлшерде оқу-жаттығу жиындарын өткізуге болады. Бірақ кезекші топтарды қоспағанда, мектепке дейінгі мекемелерге және балалар сауықтыру лагерьлерінің қызметіне тыйым салынған» делінген қаулыда.


Соңғы жаңалықтар