Карантин салдарынан 11 мың салық төлеушінің іскерлік белсенділігі құлдырады - Қаржы министрі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Карантин режимінің енгізілуіне байланысты шамамен 11 мың салық төлеушінің іскерлік белсенділігі құлдырады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алдын ала деректерге сәйкес, осы жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттің атқарылу көрсеткіштері келесідей қалыптасты. Мемлекеттік бюджетке 6,1 трлн теңге сомасында кірістер түсті немесе жоспар 95,5 пайызға атқарылды. Республикалық бюджетке кірістер 3 трлн 853 млрд теңге сомасында түсті немесе жоспар 85,8 пайызға атқарылды. Кірістер бойынша жоспардың атқарылмауы 638 млрд теңгені құрады. Оның ішінде салықтар – 791 млрд теңге», - деді министр.

Оның атап өтуінше, негізгі атқарылмау сомалары қосылған құн мен корпоративтік табыс салықтарына тиесілі болды.

«Корпоративтік табыс салығының атқарылмауына мынадай факторлар әсер етті. Біріншіден - негізгі экспорттық позициялар бойынша бағаның орта есеппен 13,3 пайызға құлдырауы; әрекетсіз салық төлеушілер санының артуы, 850 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының өткен жылдың 9 айымен салыстырғанда 243,5 млрд теңгеге төмендеуі және екінші деңгейдегі банктерден түсетін түсімдердің 10,2 млрд теңгеге азаюы. Қосылған құн салығы бойынша жоспардың негізгі атқарылмау себептері келесідей. Біріншіден - өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда қосылған құн салығын қайтарудың 60 пайызға немесе 200 млрд теңгеге өсуі. Екіншіден - «Электрондық шот-фактуралар» ақпараттық жүйе деректеріне сәйкес сату бойынша айналымдардың 11 пайызға азаюы. Негізгі төмендеу тау-кен өнеркәсібі саласына тиесілі болып отыр. Онда айналымдар 2019 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 33 пайызға немесе 4,3 трлн теңгеге азайған. Үшінші - карантин режимінің енгізілуіне байланысты шамамен 11 мың салық төлеушінің іскерлік белсенділігі құлдырады. Олардан түсімдер едәуір азайды», - деді Ерұлан Жамаубаев.

Дегенмен, министр жоспар пайдалы қазбалар өндіруге салынатын салық пен шикі мұнайға экспорттық кеден бажы бойынша асыра орындалғанын айтты. Сонымен қатар салықтық емес түсімдер де 154 млрд теңгеге артығымен орындалған.

«Жергілікті бюджеттердің кірістері 118 пайызға атқарылды және 2 трлн 274 млрд теңгені құрады. Жалпы жоспар 348 млрд теңгеге асыра орындалды. Оның ішінде салықтар бойынша - 319 млрд теңгеге. Барлық өңірлерде кірістер бойынша жоспарлар асыра орындалуда. Нәтижесінде жергілікті бюджеттердің шоттарында бюджет қаражатының кассалық қалдықтарының едәуір сомасы қалыптасты. Біз бұл жағдайда республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде ескереміз», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар