Карантин режимін бұзушылар жазасын қалай өтеп жатыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Карантин басталған уақыттан бері Алматыда арнайы оқшаулау орнына 172 адам қамалып, кейін бостандыққа шыққан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл Ішкі істер органдарының әкімшілік жазаға тартылғандарды арнайы оқшаулауға алатын орны. Мұнда сот шешімімен әкімшілік қамауға алынған тұлғалар, қоғамдық тәртіпті бұзшылар отырады.

«Бұл былайша айтқанда, шағын түрме. Мұнда адам қатаң белгіленген тәртіппен жүріп-тұрады. Серуендеу, тамақ ішу, ұйықтау мерзімі қатаң тәртіппен бақыланады. Қамаудағы азаматтардың барлығы, әйелдері де, ерлері де, осы тәртіпке бағынады», - деді қалалық Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасының басшысы Жандос Мұраталиев.

Бұл мекеменің іші бірнеше бейнекамералармен жабдықталған.

Кезекші полиция қызметкері қамаудағы тұлғалардың жүріс-тұрысын бақылап тұрады.

Камераларда ең көп дегенде 10 адам отырады.

Таза ауаға серуендеуге шыққанда да арнайы жасалған тордың ішінде жүреді.

«Бірінші түскен адам бұл жерге бастапқыда үйрене алмайды. Адамдарды қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырамын. Түрлі нашақор, маскүнем, бұзақылармен бірнеше күн бірге өткізгенше, үйде карантин тәртібін бұзбай отыру анағұрлым дұрыс», - деді Мұраталиев.

Айта кету керек, Алматыда 19 наурыздан бастап Төтенше жағдай туралы заңнаманы бұзғаны үшін 346 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Сот шешімімен 172 адам әкімшілік қамауға алынса, қалғанына айыппұл салынған.

Соңғы жаңалықтар