Карантин режимін бұзған елорда тұрғыны танымал спортшы болып шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің қызметкерлері карантин режимін бұзған елордалықты ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

30 сәуір күні сағат 19:30-да полиция қызметкерлері Ботаникалық бақ аумағын тексеріп жүрген кезде спорт алаңында жүрген азаматқа карантин режимі туралы ескерткен. Полиция қызметкерлері екінші рет айналып келгенде ер адам жаттығуын жалғастырып жатқан. Оған үйіне қайтуын сұраған. Алайда тәртіп сақшыларының талабына құлақ аспаған.

«Полиция қызметкерлері тәртіпке бағынбаған азаматтың кім екенін анықтады. Ол елорданың 44 жастағы тұрғыны, BE STRONG MMA PROMOTION и Battle of Nomads промоутерлік компанияның президенті Анатолий Ким болып шыққан. Ол карантин режимін бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 476-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мамандандырылған аудандық әкімшілік соттың қаулысы бойынша оған 10 АЕК көлемінде айыппұл салынды», - делінген қалалық Полиция департаментінің баспасөз хабарламасында.

Сот Есіл аудандық полиция басқармасы ғимаратында видео конференция негізінде онлайн режимде өткен.

Еске сала кетсек, карантин режимі кезінде қала тұрғындарына саябақ және басқа да қоғамдық орындарда жүруге, спортпен шұғылдануға болмайды. Коронавирус инфекциясынан төніп тұрған қауіп сейілген жоқ. Полиция қызметкерлері шектеу шаралары азайып бара жатқанына қарамастан тәртіпке бағыну керек екенін айтады.


Соңғы жаңалықтар