Карантин күшейтілген Қызылорда қаласында 4800 кәсіпорын тексерілді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында карантин кезінде санитарлық талаптарды сақтамаған кәсіпкерлік нысандар тиісті жазаға тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда қаласының әкімдігі жанынан режим талаптарын бақылау бойынша 23 мониторингтік топ жұмыс жасап келеді. Мониторингтік топ меншік нысанына қарамастан, барлық кәсіпорынның санитарлық-дезинфекциялық талаптарды орындауын бақылап отыр.

«Бұл бағытта қала ішінде - 14, қалаға қарасты кент және ауылдық округтерде 9 топ тұрақты түрде жұмыс жасайды. Құрамында қалалық прокуратура, қалалық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы, қала әкімдігі, қалалық полиция басқармасының қызметкерлері бар.

Жұмысшы топ мүшелері осы кезге дейін қала аумағында орналасқан 4800-ден астам нысанды аралады. Оның ішінде талаптарды орындамаған бірқатар мекеме анықталды. Кәсіп иелеріне Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес хаттама толтырылды. Ал олардың біреуіне кемшілікті жойғанға дейін қызметін тоқтату бойынша шешім қабылданды. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда», - деп мәлім етті Қызылорда қаласының әкімдігінен.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 27 маусымнан бастап Қызылорда қаласында карантин талаптары күшейтілді.

Соңғы жаңалықтар