Карантин күшейеді: Алматыда қандай нысандар жабық болады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда карантин шаралары күшейіп, санитарлық талаптарды орындамаған кейбір нысандар жабылуы мүмкін. Бұл туралы қалалық бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин онлайн брифинг кезінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Карантин шаралары жалғасатын болады. Тек жалғасып қана қоймайды, күшейетін болады. Біз бассейн, жағажай, саябақ аумағында орналасқан аттракциондарды, сауда орындарын ашпаймыз. Сондай-ақ, мектеп жанындағы сауықтыру орындары да жабық болады. Себебі, балаларға вирус жұғу қаупі бар», - деді ол.

Сонымен қатар, қала билігі шипажайлар, мәдениет, кинотеатрлар, фудкорт алаңдарын ашуды жақын арада жоспарлап отырған жоқ.

«Керісінше, алдында ашылған нысандар санитарлық талаптарды орындамаған болса, жүйелі түрде бұзып келген болса, олардың жұмысын тоқтату туралы шешім қабылдаймыз», - деді Бекшин.

Оның айтуынша, егер санитарлық эпидемиологиялық ахуал тұрақсызданатын болса, қаладағы карантин шаралары күшеюі мүмкін. Қалада жаппай мәдени-бұқаралық спорттық шараларды өткізуге тыйым салынады. Той-томалақ өткізуге, түрлі іс-шаралар өткізу үшін үй жалдауға болмайды.




Соңғы жаңалықтар