Карантин кезінде Маңғыстаудағы мәдениет ошақтары қалай жұмыс істеп жатыр

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Коронавирус індеті мәдениет ошақтарының да жұмысын тұралатып тастады. Дегенмен, театрлар мен филармониялар дағдарыстан шығудың жолын іздеп, көрерменмен қайта қауышудың жолын қарастырып, жұмысын жалғастыруда.

Мәселен, Маңғыстаудағы мәдениет ошақтары карантин талаптарын сақтай отырып, жаңа форматта жұмыс істеуге көшті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Маңғыстау облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Жеміс Ержігітованың мәліметінше, басқармаға қарасты 10 мекеме бар. Театрлар, филармония, музейлер, кітапханалар мен архив мекемелері қыркүйек, қазан айларынан бастап келушілерді қабылдай бастады.

«Н. Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театры мен Маңғыстау облыстық қуыршақ театры көрермендердің міндетті түрде қойылымға бетпердемен келуін және ара қашықтық сақтауын қадағалайды. 200 орындық көрермендер залына, әр спектакльге 50 көрерменнен артық жіберілмейді. Жаңа маусымның ашылуына дайындыққа байланысты театр ұжымы толық құрамда жұмыс атқаруда», - деді ол.

Музейге келушілер құрамы әр түрлі санатта (ересек, студент, оқушы, балабақша жасындағы), жекелеген және отбасымен келетін келушілер, сонымен қатар алдын ала тапсырыспен топтық экскурсиямен келетін келушілерді құрайды. Топтық экскурсиямен келетіндерге арнайы ескертіліп, 5-10 адамнан қабылданады. Ә.Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейі (филиалдары) келушілерді қыркүйек айының 23-нен бастап қабылдай бастады.

«Адай ата – Отпан тау тарихи-мәдени кешеніндегі Ақсарай ғимаратындағы музей және Маңғыстау ауданы Шетпе селосындағы мемориалдық музейге күнделікті сағат 09.00-18.00 аралығында 10-15 келуші қабылдайды. Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы мекемесі қыркүйек айынан бастап келушілерді қабылдай бастады. Экскурсияға келуші көрермендер 30 адамнан аспайды. Экскурсия, іс-шаралар кезінде, ара қашықтықты сақтау, бетперде кию міндеттеледі.

Қорық қызметкерлері жұмыс графигі бойынша, барлығы тұрақты жұмыс істеп жатыр. Мемлекеттік архивке (филиалдарына) келушілер саны күніне 1-2 адам, архивтегі қызметтер электронды форматта көрсету мүмкіндігі бар. Ал, архивтегі оқу залына келетін пайдаланушылар мен зерттеушілерге, ғимаратқа бетпердемен кіру, ара қашықтық сақтау талаптары қойылған»,- дейді Жеміс Ержігітова.

Ал, Мұрат Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының директоры Бекбол Базарбаевтың айтуынша, мекеме 23 қазаннан бастап көрерменді қабылдай бастаған.

«М.Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясы қазан айының 23 жұлдызынан бастап филармонияның концерт залына көрермен қабылдап, ұжымдар концерт қоя бастады. Аптасына бес концерттен, күніне бір концерттен жоспарланған концерттердің басталу уақыты күнделікті сағат 19.00-де. Көрермен саны 60 адамнан аспайды. Концерт маусымының ашылуына байланысты ұжымдар жұмыс кестесі бойынша топ-тобымен дайындық өткізеді»,-деді Бекбол Базарбаев.

Маңғыстау облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы 18 қыркүйектегі шыққан «Маңғыстау облысының аумағында карантин режимі және карантиндік шараларды кезең-кезеңмен жеңілдету туралы» 2020 жылғы 28 тамыздағы №38 қаулысына енгізілген өзгерістер бойынша карантин шараларын ескере отырып, келген көрермендердің дене қызуын (тепловизор арқылы) өлшеп,ибетпердемен кіруін қадағалап және антисептиктер (локтевой) қондырылған. Ғимараттың іші күніне екі рет және екі сағат сайын дәретханалар арнайы ертіндімен залалсыздандырылады.


Соңғы жаңалықтар