Карантин: Елордада жалға алынған мейрамханада төбелес болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордадағы мейрамханалардың бірінде жанжал шығып, полиция қызметкерлері бірқатар адамға қатысты іс қозғады. Атап айтқанда бұзақылармен бірге карантин режимін бұзған мейрамхана иесі де, меймандары да жазаланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«3 тамызда түн ауа Қажымұқан көшесіндегі «Көкшетау» мейрамханасында белгісіз адамдар сондағы 32 жастағы клиентті жарақаттағаны туралы хабарлама келіп түсті. Көп өтпей полиция қызметкерлері жанжалға қатысқан адамдардың бәрін ұстады. Істің мән-жайын тергеу барысында мейрамхана карантин тәртібін бұзып, түнгі уақытта жұмыс жүргізгені анықталды. Осылайша мейрамхананы жалдап отырған азамат Бас санитарлық дәрігердің бекіткен ережесін бұзған. Мейрамханада отыз шақты адам демалған», - деп хабарлайды ІІМ-нен.

Сол түні полиция қызметкерлері бұзақылық жасаған 29 және 26 жастағы екі жігітті ұстапты. Қазіргі уақытта оларға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы (бұзақылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Аталмыш мейрамхананы жалға алып отырған азамат карантин режимін бұған дейін де бұзған көрінеді. Бұдан бұрын 9 шілдеде оған 230 АЕК көлесінде айыппұл да салынған. Алайда ол бұл жазадан сабақ алмай, заң тәртібін тағы бұзып отыр.

«Мейрамхананы жалға алып отырған азаматқа (әйел) қатысты ҚР ӘҚБК 425-бабы (Карантин режимін бұзу) бойынша әкімшілік іс қозғалды. Іс-материалдары тауарлар мен қызметтер сапасын бақылау басқармасына жолданған.

Одан бөлек мейрамхананың меймандары тыныштық пен тіркелу ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны хабарланып отыр.


Соңғы жаңалықтар