Карантин: Бүгіннен бастап кейбір өңірдегі нысандардың жұмыс уақыты ұзартылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті «қою қызыл» аймақтарда сауда-ойын-сауық орталықтары 9 тамыздан бастап қандай режиммен жұмыс істейтіні туралы ақпарат жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Комитеттің сайтына жарияланған ақпарат бойынша, «қою қызыл» аймақтарда 9 тамыздан бастап «Ashyq көшбасшысы» мәртебесі бар нысандарға сағат 00.00-ге дейін, Ashyq жүйесіндегі басқа нысандарға сағат 22.00-ге дейін жұмыс жасауға рұқсат беріліп отыр.

Бас санитар дәрігердің бұған дейінгі қаулысында Ashyq жүйесіндегі сауда-ойын-сауық орталықтары «жасыл» және «сары» аймақтарда шектеусіз жұмыс режиміне жіберілсе, «қызыл» аймақтарда сенбі және жексенбі күндері сағат 10.00-ден 22.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат берілген болатын. Ал «қою қызыл» аймақта сағат 07.00-ден 20.00-ге дейін қызмет көрсете алатыны айтылған еді. Ендігі шешім бойынша аталған нысандардың жұмыс уақыты 2 сағатқа ұзартылып отыр деген сөз.

Комитет жариялаған мәліметте 2 тамыздан бастап Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау және Қарағанды қалаларында «қою қызыл» статусқа сай шектеу шаралары енгізілгені айтылған.

«№33 БМСДҚ-ның 11-тармағына сәйкес тиісті аумақтағы көліктегі Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлер «Ashyq» жобасын іске асыру мәселелері бойынша аталмыш Қаулыны басшылыққа алады және «жасыл», «сары», «қою қызыл» аймақтардағы жобаға қатысушыларға қатысты карантиндік шараларды қатаңдату туралы шешім қабылдауға құқылы емес», - деп жазылған ресми ақпаратта.

«Қою қызыл» аймақ статусы бір апта инфекциялық төсектердің жүктелім көрсеткіші 70%-дан асқан және 100 мың тұрғынға шаққанда 200-ден жоғары болған өңірлерге беріледі.


Соңғы жаңалықтар