Карантин: Ақмола облысында 65 сынып оқушысы қашықтан оқиды

Фото: None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының педагогтері арасында оқу жылының басынан бері коронавирус инфекциясын жұқтырудың 142 жағдайы тіркелді.

Тек бір тәулік ішінде ауру алты мұғалім мен 14 оқушыдан анықталды. Бұл туралы брифингте Ақмола облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Ақмола облысында COVID-19 ауруы бойынша эпидемиологиялық жағдай күрделі қалпында қалып отыр. Сонымен, коронавирус инфекциясының таралу қарқыны бойынша эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес, облыс қазіргі уақытта тағы да «қызыл» аймақта.

«Соңғы аптада алдыңғы кезеңмен салыстырғанда сырқаттанушылықтың 1,6 есеге - 357-ден 563 жағдайға дейін өскені байқалады, бұл 206 жағдайға артық. Аурушаңдықтың жоғары көрсеткіштері ағымдағы айда Көкшетау қаласында, Бурабай ауданында, Степногорск қаласында, Аршалы, Бұланды аудандарында байқалды», - деп атап өтті А. Мусина.

Аурудың жас құрылымы бойынша бірінші орында 25 пайыз көрсеткішпен 60 және одан жоғары жастағылар тұр. Екінші орында 14 жасқа дейінгі балалар - 16,1 пайыз, одан әрі 50-59 жастағылар – 15,5 пайыз, 40-49 жастағылар – 13,3 пайыз, 30-39 жастағы науқастар – 13,3 пайыз, 19-29 жастағы жасөспірімдер – 10,8 пайыз, 15-18 жастағылар - 6,1 пайыз. Соңғы тәулікте ғана өңірде COVID-19-дың 110 жағдайы тіркелді, өсім тәулігіне 0,3 пайыз.

«Бүгінгі таңда 474 адам COVID-19-дан емделуде, жұмыс жүктемесі 59 пайызды құрайды. Реанимацияда 47 пациент ем алып жатыр, реанимациялық төсек - орын – 42 пайыз», - деп толықтырды А.Мусина.

Білім беру ұйымдарында оқытудың дәстүрлі форматы қайта басталған кезде оқушылар арасында коронавирус инфекциясын жұқтырғандарды тіркеу жалғаса береді. Оқу жылының басынан бері орта білім беру ұйымдарында 584 жағдай тіркелген, оның ішінде 173 жағдай оқу процесінің басталуына байланысты емес.

«Өткен тәулікте 14 оқушы коронавирус жұқтырды. Коронавирус инфекциясының 48 оқу орнында тіркелуіне байланысты 65 сынып қашықтан оқытуға ауыстырылды. Педагогтер арасында оқу жылының басынан бері 142 КВИ жұқтыру жағдайы тіркелді, тек бір тәулік ішінде 6 жағдай тіркелді. Мектеп жасына дейінгі балалар арасында 480 жағдай, тәулігіне 1 жағдай тіркелді», - деп түйіндеді өңірдің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері.

Сонымен қатар, 2021-2022 оқу жылының басынан бастап орта арнайы оқуы орындарының студенттері арасында 84 жағдай тіркелді, оның ішінде 62 - сі офлайн және 22-сі онлайн оқыды.


Соңғы жаңалықтар