Қарақалпақстандық оқушы АҚШ университеттерінің 297 мың доллар грантын жеңіп алды

None
None
НӨКІС. ҚазАқпарат – Қарақалпақстанның Нөкіс қаласындағы президент мектебінің 11 сынып оқушысы Арыслан Қалбаев АҚШ университеттерінің жиыны 297 мың доллар гранттарын жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарақалпақстанның Нөкіс қаласында президент мектебі Өзбекстан Президенті Ш. Мирзияевтің бастамасымен 2019 жыл 11 желтоқсанда ашылған. Сол уақыттан бері мектепте дарынды балалар оқып жатыр.

Таяуда аталмыш мектептің 11 сынып оқушысы Арыслан Қалбаев Дрексель университетінің - 169 200, Халт халықаралық бизнес мектебінің - 40 000, Майами университетінің – 88 000, жалпы сомасы 297 000 доллар грантын жеңіп алды.

Арыслан Қалбаев 2004 жыл 9 тамызда Нөкіс қаласында дүниеге келген. Ата-анасы көркемөнер саласында еңбек етеді. Әкесі Базарбай Ерниязов Нөкіс қаласындағы мамандандырылған мәдениет мектебінің халық әуендері кафедрасында Қашқар рубаб-примадан, анасы Тамара Тәжімұратова да осы мектепте хор және солфеджиодан сабақ береді.

А. Қалбаев ағылшын тіліне қызығады. Мектепте пән олимпиадаларына қатысып, 2017 жыл қалалық, 2018 жыл республикалық жеңімпазы болған.

9-сыныпқа дейін Нөкіс қаласындағы №37 арнаулы мектепте оқыған. Сынып жетекшісі Мухаббат Тілеуова, ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері Қарлығаш Әлиева мен Гүлнара Ережепова А. Қалбаевқа білім жолында дұрыс бағыт-бағдар беріп, шыңдалуына септігін тигізді. Ол 2019 жыл Нөкіс қаласындағы президент мектебіне қабылданды. Бұл оқу орнында ізденістерін тереңірек жалғастыруға мүмкіндіктің молдығын білген соң, 10-сыныптың өзінде-ақ IELTS емтиханын тапсырып, С- 1 дәрежесін алды.

«Арыслан үлгілі оқушыларымның бірі. Болашағы жарқын болуына тілектеспін. Басқа оқушыларға жолын берсін!» , - дейді мектептің қарақалпақ тілі және әдебиеті мұғалімі, филология бойынша философия докторы (PhD) Гүлбаһар Бегмұратова.

297 000 доллар гранттарды жеңіп алған А. Қалбаев АҚШ университетінде экономикалық білім алып, халықаралық бизнесті дамытуды армандайды.


Соңғы жаңалықтар