Қарағандының қан орталығы барлық донорларға алғыс білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қарағанды облысы қан орталығының басшысы Төлеген Сәдуақасов елордадағы Алғыс айту күніне арналған шарада ұйымның жұмысы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Облысымыздағы қан қызметінің тарихы сонау 1938 жылдан бастау алады, онда алғаш рет жер аударылған дәрігер Герман Николаевич Алалыкин науқастың өмірін сақтап қалу үшін қан құйған болатын. Қазір де қан қызметі өзінің басты миссиясын – адам өмірін сақтап қалуды жалғастыруда. Медицина ғылымының қарқынды дамуына қарамастан, адам қанының тиімді баламалары әлі шыққан жоқ. Сондықтан біздің ұжымның жұмысы жыл сайын үш мыңнан астам адамның өмірін сақтап қалатын жанашыр және бей-жай қалмайтын донорларымызға тікелей байланысты. Жыл сайын біз 8 мың литрден астам қан дайындаймыз. Донорлық қозғалысқа жыл сайын 10 мыңнан астам донор тегін қатысады, оның ішінде 800-ден астамы – тұрақты донор», - деді Т. Сәдуақасов елордада Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Алғыс айту күнінің 5 жылдығына арналған дөңгелек үстелде.

Оның айтуынша, пандемия жағдайында да донорлар ең ізгі миссияны абыроймен жалғастырды, ал кейбірі ауыр ауруға шалдығып, ауыр науқастарға көмектесуге қажетті короновирусқа қарсы иммундық плазма берген.

«Бүгін жылдар бойы бізге қан тапсырып, көмек көрсетіп келе жатқан адамдарға ерекше алғысымды білдіргім келеді. Солардың бірі –Сәуле Есенбекова. Ол 16 жыл бойы қан тапсырып, 140 пациентке көмектескен», - деді қан орталығының басшысы.

«Қан қызметі Қазақстанның барлық донорларына алғыс білдіреді. Сіздердің көмектеріңізге еш баға жетпейді. Сол үшін сіздерге көп рақмет айтамыз», - деді спикер.


Соңғы жаңалықтар