Қарағандыны жылумен жабдықтау мәселелі қалай шешілмек

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қалалық әкімдікте өткен кеңесте Қарағандының жылумен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Кеншілер шаһарын жылыту мәселесін шешу үшін ЖЭО-3-тен үшінші жылу құбырының құрылысы және жылу желілерін оқшаулауға қаражат бөлу ұсынылып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Аяздар біздің қаланы жылытудағы проблемалық жерлерімізді көрсетті. Сапасыз жылумен қамтуға шағымдар түсе бастады. Негізінен Сұрыптау, Пришахтинск, Майқұдық және Оңтүстік-Шығыс аудандарынан наразылықтар келіп түсті. Осы кезеңде берілген жылыту үшін қайта есептеу жүзеге асырылады. «Теплотранзит Караганда« және аудан әкімдіктері бұл сұрақпен айналысуда. Бұл мәселені біз бақылауда ұстаймыз», - деді қала басшысы Ермағанбет Бөлекпаев.

Тұтынушылардың пәтерлеріне жеткілікті жылу бармауына қатысты проблемаларының бірі тұрғын үй, өнеркәсіптік кәсіпорындар мен әлеуметтік мәдени-тұрмыстық нысандардың ауқымды құрылысы себеп болып отыр.

«Егер 2016 жылы -32°c кезіндегі жылудың есептік бірлігі 116 Гкал/сағ құраса, 2020 жылы ол 200-300 Гкал/сағ. аралығында болды, тұтынушылардың қосылған жүктемесі кезіндегі нормативтік ысыраптарды ескере отырып, тапшылық 250 Гкал/сағ. астам құрады, тапшылықтың өсуінің басты себептерінің бірі станцияның нормативтік температуралық кестесінің сақталмауы, сондай-ақ магистральдық желінің бірінші және екінші кезегінің өткізу қабілетінің болмауы болып табылады. Сонымен қатар, желтоқсан-қаңтар айларында ЖЭО-3 №6 турбинасын жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде екі қазандық резервте болды», - деді Коммуналдық мәселелер жөніндегі кеңесші Бекет Қосшығұлов.

Тағы бір мәселе - жылу желілерінде оқшаулаудың болмауы.

Жылумен қамтамасыз етуді реттеу үшін бірнеше шешім ұсынылды. Станция температуралық кестені сақтауға көшуі, суды химиялық тазартуды жүзеге асыруы және үшінші жылу шығару жобасын іске асыруға кірісуі тиіс.

Жақын арада облыстық және қалалық әкімдіктер «Теплотранзит Караганда» ЖШС қаржылай қолдау көрсететін болады. Құбырларды жылытқыш материалдармен оқшаулауға және жөндеуге қаражат бөлу жоспарлануда. Станцияның мүмкіндіктеріне қарай салынып жатқан нысандарды жылумен жабдықтау үшін техникалық шарттардың берілуін бақылау күшейтілетін болады.

Бұдан басқа, «Караганда Энергоцентр» ЖШС 2021-2025 жылдары бір турбина (110 МВт) және бір қазандық (180 Гкал/сағ) салуды жоспарлап отыр.

Ермағанбет Бөлекпаев аудан әкімдеріне тұрғын үйлерді жылыту маусымына дайындауға көбірек көңіл бөлуді тапсырды. Келесі жылыту маусымының басталуын күтпей, бүгінгі күні элеватор тораптары мен жертөле үй-жайларын жөндеуді талап ететін үйлердің санын анықтау қажет.


Соңғы жаңалықтар