Қарағандылықтар медициналық сақтандыру есебінен 350 мыңнан астам тегін қызмет алды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Бірінші жартыжылдықта Қарағанды облысының тұрғындарына медициналық сақтандыру қаражаты есебінен 350 мыңнан астам тегін стоматологиялық қызмет көрсетілді.

Медициналық сақтандыру қоры олардың ақысын төлеуге 519 миллион теңгеден астам қаражат бағыттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

МӘМС жүйесі шеңберінде тегін жоспарлы стоматологиялық көмекке 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдер жүгіне алады. Жоспарлы стоматологиялық көмекке терапевтік қабылдау, І және ІІ дәрежелі бет және орта кариесті емдеу, терең кариесті емдеу, хирургиялық қабылдау, тісті алып тастау, анестезия, тіс рентгенографиясы және басқа процедуралар жатады. Жоспарлы стоматологиялық көмектің тізіміне барлығы 34 қызмет кіреді.

«Шұғыл түрде тегін стоматологиялық көмекке 18 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, Екінші дүниежүзілік соғыстың қатысушылары, I, II, III топтағы мүгедектер, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көп балалы аналар, АӘК алушылар, жасы бойынша зейнеткерлер, инфекциялық, әлеуметтік маңызы бар аурулармен ауыратын және айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулармен ауыратын науқастар жүгіне алады», – деп атап өтті медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалы директорының орынбасары Әлібек Бердібеков.

Шұғыл стоматологиялық көмек 50-ден астам қызметті қамтиды. Сондай-ақ МӘМС жүйесінде жақ-бет аймағының туа біткен патологиясы бар балаларға ортодонтиялық көмек тегін көрсетіледі.

«МӘМС жүйесіндегі стоматологиялық көмекті медициналық сақтандыру қорының дерекқорына енгізілген және МӘМС жүйесінде жұмыс істейтін кез келген стоматологиялық клиникадан алуға болады. Біздің өңірде бұл 11 жеке клиника. Пациент медициналық сақтандыру қорының сайтында тиісті өңірд бойынша қызметердің біреуін таңдап, оған жолдамасыз медициналық көмек алу үшін жүгіне алады. Көрсетілген қызметтерге ақы төлеуді пациент қоса орындау шарты бойынша тіркелген емхана жүргізеді», – деп түсіндірді Әлібек Бердібеков.


Соңғы жаңалықтар