Қарағандылық жас әртістер халықаралық театр фестивалінде екі бас жүлдені иеленді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - «Театр-Шығармашылық-Талант» Халықаралық балалар және жасөспірімдер фестиваль-байқауында қарағандылық әртістер қос Гран-при ұтып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

К.Станиславский атындағы театр сахнасында 1-2 сәуірде үздік балалар мен жастар ұжымдары бас қосты. Қарағанды қаласы ЮНЕСКО-клубының № 2 өнер мектебінің жас әртістері «Спектакль» және «Көркем сөз» номинациялары бойынша екі Гран-приді жеңіп алды.

Фестивальді Думан Әкімнің Шығармашылық орталығы ұйымдастырды. Қарағандылықтардың шығармашылық жобасын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Қоры қолдап, грант бөлді. Байқаудың ерекшелігі - онда кәсіби ұжымдар мен әуесқой студиялар өнер көрсетеді.

Биыл фестивальге Қазақстан мен Ресейден келген 8 жастан 23 жасқа дейінгі 200-ден астам жас әртістер қатысты. Қарағанды театрының сахнасында облыстың басқа қалаларынан, Нұр-Сұлтан, Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарынан, сондай-ақ Ресейдің Новосібір мен Кемерово қалаларынан келген ұжымдар өнер көрсетті.

Фестиваль ұйымдастырушысының айтуынша, кей қатысушылар бұл шараға үшінші жыл қатарынан сыйлық үшін емес, тәжірибе алмасу үшін келеді екен.

Фестиваль аясында «Маленький принц», «Божественная комедия», «Хозяйка медной горы» және т.б. шығармалар бойынша спектакльдер көрсетілді. Байқауға қатысушылар мысал-ертегілер, өлеңдер оқып, әдеби-музыкалық композициялар орындады.

Қойылымдарды кәсіби қазылар алқасы бағалады. Оның құрамына ҚР Мәдениет қайраткері, театр және кино актері Қайрат Кемалов, Қырғызстанның Халық әртісі Сергей Матвеев және Тәттімбет атындағы өнер колледжінің «Режиссура» бөлімінің меңгерушісі Любовь Попова кірді.

Қарағандылықтар «Все мыши любят сыр» (Д. Урбан) спектаклі және «Божественная комедия» әдеби композициясын орындап, жоғары марапатқа ие болды. Сондай-ақ Қарағанды және Жезқазғанның басқа да өнер ұжымдары бірінші және жүлделі орындарды жеңіп алды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ақшалай сыйлықтарға ие болды. Сонымен қатар, қазылар алқасы үздік жас әртістерін таңдады. Ұжымдар үздік режиссура, театр костюмдері, спектакльдің музыкалық рәсімделуі және тағы басқа қосымша номинациялар бойынша да марапатталды.

Фестиваль аясында жетекші мәдениет қайраткерлері шеберлік сағатын ұйымдастырды.

Соңғы жаңалықтар