Қарағандылық түлек АҚШ-тың бірнеше университетінен шақыру алды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандыда мектеп түлегі Американың бірнеше жоғары оқу орнынан тегін білім алуға шақыру алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мағжан Тегісов биыл Назарбаев Зияткерлік мектебін (NIS) бітірген. Ол ғарыш әлемін, робототехниканы және стартап-жобаларды жақсы көреді. Түрлі республикалық және халықаралық байқаулардың жүлдегері, барлық Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 500-ден астам оқушысын біріктіретін NIS Valley клубының негізін қалаушы.

«Клуб кәсіпкерлікке, стартап-жобаларға қызығушылық танытқан оқушылардың басын біріктіретін алаңға айналды. Олар сарапшылардан кеңес алып, тәжірибе жинақтап, көшбасшылық қасиеттерді дамыта алады. Оқу жылдарындағы барлық жетістіктерімнің арқасында америкалық бірнеше университеттен шақыру алдым. Бірақ Colby College таңдадым. Бұл АҚШ-тың ең үздік ЖОО-ның бірі. Сонымен қатар олар маған президенттік стипендия бөлді», –дейді Мағжан.

Болашақта М. Тегісов Қазақстанда Google, Apple, Amazon сияқты IT-компания құруды армандайды.

«Жақында Colby College-де жасанды зердені зерттеу бойынша ғылыми орталық ашылды. Мен жасанды интеллект пен машиналық оқытуға назар аударғым келеді. Университет зерттеу үшін барлық мүмкіндікті ұсынады. Ал президенттік стипендия маған бірінші курста белгілі компанияларда өз мамандығым бойынша тағылымдамадан өтуге, сондай-ақ өз стартапымды немесе бизнесімді іске қосуға, зерттеулерге қаржы тартуға мүмкіндік береді», – дейді жас түлек.

Ол қазірдің өзінде бизнеспен айналысып жатыр: Barys Wear брендімен киім желісін саудаға шығарды, логотиптері бар ірі компанияларға трикотаж бұйымдарын жеткізеді.

«Барлық ойлағаныма қол жеткізуге, түрлі қалалардағы ғылыми байқауларға қатысуға, өзімді қызықтыратын саланы табуға, сондай-ақ Стэнфорд университетінің жазғы мектебіне қатысуға мүмкіндік берген мектебіме алғысымды білдіргім келеді. Оқушыларға айтқым келетіні: өзіңізді шынымен қызықтыратын қызмет саласын іздеңіздер», – деп қосты Мағжан Тегісов.


Соңғы жаңалықтар