Қарағандылық полицейлер азаматтарды фронт-кеңседе қабылдай бастады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында азаматтарды қабылдауға арналған полицияның алғашқы фронт-кеңсесі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа фронт-кеңсенің жұмысы Халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметінің қағидаттарына негізделген. Мұнда торлы есіктер мен қатаң өткізу режимі жоқ. Келушілерді полиция қызметкерлері қарсы алады. Олардың ыңғайлылығы үшін жайлы күту залы жабдықталған және экранда танымдық ақпарат көрсетіледі.

Фронт-кеңседе «Әкімшілік полиция басқармасы», «Көші-қон қызметі басқармасы» және басқа да қызметтер бар. Онда келушілерге көлікті тіркеу, Қазақстан Республикасының азаматтығын алу, тұрақты мекенжайды ауыстыру, шет елге шығу мәселелерін шешуге көмектеседі. Жаңа нысан халықпен жұмыстың жаңа форматын енгізу аясында ашылды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жолдауында атап өткендей, «Азаматтардың санасында полиция қызметкері жазаламайды, керісінше, қиын жағдайда көмектеседі деген пікір нығаюы керек. Бұған халықпен жұмыстың жаңа заманауи форматтары ықпал етеді, олар сайып келгенде полицияны бағалау өлшемдерін түбегейлі өзгертеді».

Азаматтарды қабылдау бөлмесінің қызметкерлері өтініш берушілермен тікелей жұмыс істейтін болады. Ал бұл өтініштерді қарау уақытын қысқартуға, мәселелерді шешуде қол жетімділікті, ашықтықты және жеделдікті қамтамасыз етеді. Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді.

«Сонымен қатар, өзінің тікелей міндеттерін орындаудан басқа фронт-кеңсе қызметкерлері азаматтардың құқық қорғау органдарының жұмысын жақсарту бойынша ұсыныстарын тіркейді», - деп атап өтті Қарағанды облысы ПД бастығы, полиция полковнигі Ерлан Файзуллин.

«Азаматтарға арналған қабылдау бөлмесі» полиция фронт-кеңсесінің алғашқы келушілері жаңа нысанның жүмысына оң бағаларын берді. Енді барлық мәселелерді тез, ашық шешуге болады. «Ең бастысы, кабинеттер бойынша артық жүгірмей, өз уақытымызды үнемдейміз», - дейді қала тұрғындары.

Соңғы жаңалықтар