Қарағандылық құтқарушылар мен волонтерлер мұқтаж азаматтардың үй маңын қардан тазартуда

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Су тасқыны кезеңіне дайындық аясында Қарағанды облысының аумағында жан-жақты практикалық іс-шаралар жүргізілуде. Соның ішінде, Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті волонтерлермен бірге халықтың әлеуметтік осал топтарының үй жанындағы учаскелерін қардан тазартуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды қаласында «30 игі іс» акциясы аясында ТЖ департаментінің бөлімшелері мен волонтерлер жалғызбасты зейнеткерлер мен мүгедектер тұратын 20-дан астам үй учаскелерін қардан тазартты.

«Қазіргі уақытта облыс аумағында су тасқыны жағдайы тұрақты, барлық су айдындары әзірге қысқы режимде, өзендерде мұздың жүруі байқалмады. Ғарыштық мониторинг деректері бойынша бүгінгі күні облыс аумағының 85% қармен жабылған. Қазгидрометтің мәліметінше, облыста топырақтың қату тереңдігі 61-ден 150 сантиметрге дейін. Самарқанд және Ынтымақ су қоймаларынан санитарлық су босату жалғасуда», - деп мәлімдеді Қарағанды облыстық ТЖ департаментінен.

Қарды тазалау және шығару жұмыстары облыстың барлық елді мекенінде жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін 1232 мың текше метр қар шығарылды.

Барлық маңызы бар автожолдарда су өткізу құрылыстарын тазалау бойынша жұмыстар қарқынды атқарылуда. Шамамен 1900 су өткізу құбыры тазартылды.

Өткен жылы Қарағанды облысының 33 елді мекені аумағында 22 км астам қорғау бөгеттері мен дуалдар салынды және нығайтылды; өзен арналарының су тасқыны қаупі бар учаскелерін 12 км қорғау жұмыстары жүргізілді; 65,5 км дренаж және су өткізу құбырлары тазартылды; жолдардың 74 учаскесінде су өткізу қабілеті жоғарылатылды.

«Су тасқыны кезеңіне барлығы 6700 адам және 1600 бірлік техника дайындыққа келтірілді. Басқару органдары үшін су тасқыны кезеңіне арнайы іс-қимыл алгоритмі жасалды. Көп жылдық бақылаулар негізінде су басуы мүмкін және су тасқыны болуы мүмкін аймақта орналасқан 174 елді мекен анықталды. Олардың барлығы ерекше бақылауға алынды», - деп толықтырды ведомстводан.

Сондай-ақ, автомобиль және теміржолдардың су тасқыны қаупі бар 139 учаскесі бақылауға алынды. Тұрғындар үшін төтенше жағдайлар қаупі және туындауы кезіндегі іс-қимылдар бойынша арнайы ұсынымдар әзірленді, олар рейдтік іс-шаралар барысында таратылуда. Халықпен түсіндіру және үгіт-насихат жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп жатыр. Жағдай тұрақты бақылауда.


Соңғы жаңалықтар