Қарағандылық кәсіпкерлер көпбалалы және аз қамтылған 400 отбасына көмектесті

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – ТЖ режимі басталғалы кәсіпкерлер табысы төмен 400-ден астам көпбалалы отбасына көмек көрсетті. Олар көмекке мұқтаж жандарға бірінші кезекте қажетті азық-түлік – ұн, жарма, қант, көкөніс таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды ұн комбинаты облыс әкімдігінің қолдауымен 1 сәуірде аз қамтылған отбасыларға бір тоннадай ұн үлестірді.

«Кеше диірмен комбинатынан 40 көп балалы отбасы көмек алды. Біз көп балалы 40 отбасына 12 және 18 килограмм ұн үлестірдік», - дейді Қарағанды облысы бойынша «Талбесік» көп балалы аналар қозғалысы жетекшісінің орынбасары Айжан Байдильдинова.

Бүгін, 2 сәуірде, бұл жұмыс жалғасын тапты. «Ақжайық» кәсіпорны да жарты тонна ұн таратты.

Қарағанды облысы бойынша «Талбесік» көпбалалы аналар қозғалысының ақпаратына сай, төтенше жағдай басталғаннан бері өңірде 400-ден астам отбасы көмек алған.

«Біз жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне табысы төмен көпбалалы отбасылар тізімін жібердік. Оларға барлығына көмек көрсетілді. Мысалы, «Жас Отан» жастар қанаты 103 отбасын көкөніс және басқа да қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етті. «Жәке» шаруа қожалығы 80 отбасына 80 килограмм ет, «Алтын Арба» базары 110 отбасына азық-түлікпен көмек көрсетті. Сондай-ақ, диірмен комбинаты мен «Ақжайық» 60 отбасына ұн тарту етті», - дейді Қарағанды облысы бойынша «Талбесік» көпбалалы аналар қозғалысының жетекшісі Ләззат Қожахметова.




Соңғы жаңалықтар