Қарағандыдағы Авиация мұражайының басшысы Жеңіс Қасымбектен көмек сұрады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандыдағы № 78 мектеп ғимаратында орналасқан Авиация және космонавтика мұражайының негізін қалаушы Мағрифа Кәрібекова облыс әкімі Жеңіс Қасымбектен көмек сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Қарағанды облысының басшысы Жеңіс Қасымбек азаматтардың кезекті қабылдауын өткізді.

Айта кетсек, аймақ әкімі «Nur Otan» партиясы филиалының қоғамдық қабылдауында қарағандылықтармен ай сайын кездеседі.

Бұл жолы азаматтар әлеуметтік сипаттағы мәселелерімен келді. Мәселен,

Авиация және космонавтика мұражайының негізін қалаушы Мағрифа Кәрібекова ғимаратты кеңейту және жөндеу қажеттілігі туралы әңгімеледі. Мұражай 10 жылдан астам уақыт бойы Қарағанды қаласындағы № 78 мектеп ғимаратында орналасып келеді. Барлығы сынып бұрышынан және тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіровтің суреті бар бірнеше фотосуреттен басталған. Жылдар өткен сайын мұражай коллекциясы кеңейіп, бүгінде қорда мыңнан астам жәдігер бар. Олардың арасынан сирек кездесетін суреттерді, ғарышкерлердің жеке заттарын, нағыз ғарыш кемесінің бөлшегін кездестіруге болады.

Мағрифа Кәрібекова айтуынша, мектеп мұражайына жыл сайын 1500-ден астам адам келеді. Мұражай басқа мектеп оқушылары үшін де ашық. Негізгі келушілер - балалар мен жасөспірімдер.

М. Кәрібекова мұражайға қолдау көрсетуді сұрады. Қазіргі орналасқан орны таршылық етіп, барлық жәдігерлер сыймауда. Оны кеңейту үшін бос алаңдар бар, бірақ жөндеу жүргізу қажет.

Жеңіс Қасымбек жас ұрпақты тәрбиелеуге бағытталған осындай жобалардың пайдасын атап өтті. Облыс әкімі әлеуметтік салаға жетекшілік ететін орынбасарларына аталмыш мектепке баруды және жағдайды сол жерде зерделеуді тапсырды. Бұдан кейін жөндеу жұмыстарын қаржыландыру көзі анықталады.

Ал Абай қаласының тұрғыны Алексей Сим өз ақшасына тұрғын үй маңына салған балалар алаңы туралы айтып берді. Балаларға жасаған сыйлығын заңдастыру үшін жер учаскесіне құқықты ресімдеу қажет. Ол бұл алаңды қалаға тегін беруге дайын екенін айтты.

Жеңіс Қасымбек бұл мәселені шешіп, оңтайлы шешім табуды тапсырды.

Бұдан бөлек, облыс әкімінің қабылдауына шығармашылық жастар музыкалық жобаны қолдау ұсынысымен жүгінді. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі адамдарды қолдау мәселелері талқыланды.


Соңғы жаңалықтар