Қарағандыда вакцинадан бас тартудың кесірінен балалар арасында туберкулез өршіп тұр

Фото: None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды дәрігерлері балалар мен жасөспірімдер арасында туберкулезбен сырқаттану көрсеткіші артқанын айтады. Мамандардың пікірінше, бұл дерттің өршуіне ата-аналардың БЦЖ вакцинасынан бас тартуы себеп болып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысында осы жылдың 5 айында балалар арасында туберкулезбен сырқаттану 28,6%, жасөспірімдер арасында 37,5% өскені байқалады

100 мың бала санына шаққанда көрсеткіш 2,1-ді құрады, ал жасөспірімдер арасында 8 жағдай тіркелген, сырқаттану көрсеткіші - 14,6.

«Өкінішке қарай, соңғы уақытта балалар денсаулығына жауап беретін ата-аналардың БЦЖ вакцинациясы мен ревакцинациясынан бас тартуы жиілеп кетті. Туған балалардың ішінен 656 нәресте екпе алмаған, перзентханада вакцинациямен қамтылмағандар үлесі 8,6% құрады, оның ішінде уақытша медициналық шеттету себептері бойынша – 4,5% (346 жағдай), вакцинадан бас тарту себептері бойынша – 4 % (302 жағдай), басқа себептер бойынша -0,6% (8 жағдай)», - деп мәлімдеді Қарағанды облысының санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаменті.

ДДҰ ұсынымына сәйкес туберкулездің ауыртпалығы жоғары елдерде бүкіл емшектегі балалар БЦЖ вакцинасының 1 дозасын туғаннан кейін мүмкіндігінше ертерек алуы тиіс.

Соңғы бес айда Қарағанды облысында 7 624 сәби дүниеге келген. Перзентханалар мен бөлімшелерде 6 968 бала туберкулезге қарсы егілді (91,4%) – бұл цифр ДДҰ ұсынған 95%-дан кем емес және республикалық көрсеткіштен (93,2%) төмен болып отыр.

«Балалар арасындағы туберкулездің алдын алудың негізгі шарасы – сәби өмірінің алғашқы 1-4 күнінде қарсы көрсетілім болмаған жағдайда перзентханада салынатын БЦЖ вакцинасы. БЦЖ вакцинациясы балаларда осы аурудың алдын алу үшін қажет және өте маңызды. Ол туберкулез қоздырғышын жұқтырудан қорғамайды, бірақ жасырын инфекцияның айқын ауруға өтуіне және туберкулездің жедел және жалпы түрлерінің дамуына жол бермейді», - деп түсіндірді департамент мамандары.

Туберкулез әлемдегі ең көп тараған инфекциялардың бірі болып қала береді: әлемде оны әрбір үшінші адам жұқтырған.

Халық арасында туберкулезбен сырқаттанудың өршуі балалар арасында жұқтыру деңгейінің өсуіне ықпал етіп отыр.

Олар ересектерге қарағанда бұл ауруға көбірек бейім келеді.


Соңғы жаңалықтар