Қарағандыда тағы бір ферроқорытпа зауыты ашылды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының индустриясы заманауи кәсіпорынмен толықты. Облыс орталығында «Qaz Carbon» ЖШҚ Сарыарқа ферроқорытпа зауыты ашылды. Ол қысқа мерзімде – 9 айда салынды. Соңғы екі жылда бұл қаладағы екінші зауыт, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жоба «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ қаржылық қолдауымен жүзеге асырылды. Оның ішінде 11 млрд теңге – компанияның меншікті қаражаты, ҚДБ қарызы - 38,8 млрд теңге.

Зауыттың өндірістік қуаты – жылына 57 мың тонна ферроқорытпа. Әрқайсысы 8 МВт болатын сегіз пеш орнатылады. Зауыт тәулігіне 25 тонна түрлі ферроқорытпа шығаруға қауқарлы.

Бірінші кезеңде төрт пеш пайдалануға берілді, қалған төртеуі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Осы уақытқа дейін зауыт толығымен өзінің өндірістік қуатына шығады.

«Qaz Carbon компаниясының ірі инвестициялық жобаларды іске асыруда үлкен тәжірибесі бар екенін атап өткім келеді. Мұны іске асыру Мемлекет басшысының инвестициялар тарту, өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігін арттыру жөніндегі тікелей тапсырмаларын орындауға ықпал етеді. Жаңа зауытта 300-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылды», – деді Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек ашылу салтанатында.

Ферроқорытпа зауытының құрылысы 2020 жылдың желтоқсанында басталды. Тамыз айында алғашқы рудотермиялық ферроқорытпа пеші іске қосылды. Қазірдің өзінде 3 мың тоннадан астам отандық силикомарганец өндірілді. Өнім шетелдік тұтынушыларға – Жапонияға, Кореяға, ЕО және ТМД елдеріне жөнелтілді. Алдағы уақытта зауыт экспорт көлемін арттырады.

« Бүгін Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында біз ферроқорытпа өндірісі бойынша тағы бір жобаны ашып отырмыз. Жаңа кәсіпорында әлемдік технологиялық әзірлемелер қолданылған және жаңа жабдықтар орнатылған. Бұл өндіріс экологиялық таза, қоршаған ортаға барынша аз әсер етеді. Зауытта ауаны ластамайтын үш сатылы газ тазалау жүйесі қолданылған. Қалдықтарды қайта пайдалану көзделеді. Qaz Carbon жобасының жалпы сомасы 50,7 млрд теңгені құрайды, оған байыту фабрикасы, агломерациялық фабрикасы бар Сарыарқа ферроқорытпа зауыты және қолданыстағы өндірісті жаңғырту кіреді», – деді Qaz Carbon акционері Ерлан Нығматулин.

Зауыт Қарағанды өңірінің шикізатын қайта өңдеуге жобаланған, бұл үздіксіз өндірістік циклды қамтамасыз етуге және әлемдік нарықтарға сапалы өнім шығаруға мүмкіндік береді. Бұл Қазақстанның экономикасы мен экспорттық әлеуетінің дамуына ықпал етеді. Өндірістік процесс толығымен автоматтандырылған. Пештер үш сағат ішінде қорытпалардың бір түрінен екіншісіне ауыса алады.

«Жаңа зауыт – Қазақстандағы қолайлы инвестициялық ахуалдың көрсеткіші. Шетелдік инвесторлар ретінде біз осы жерде жұмыс істеу үшін жасалған заңнамалық базаны және басқа да жағдайларды ерекше атап өткіміз келеді. Бұл, әрине, Қазақстанның бүгінгі таңда ферроқорытпа нарығындағы перспективалы ойыншы ғана емес, сондай-ақ үлкен қорлармен мықты бәсекелес болу факторына әсер етеді», – деп атап өтті Qaz Carbon тобының акционері Давид Кемертелидзе.

«Qaz Carbon инновациялық кәсіпорнында ҚДБ-нің стратегиялық бағыттарына – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, импортты алмастыруға, экспортқа бағдарланған стратегияға және әлемдік нарықта қосылған құны жоғары бәсекеге қабілетті өнімнің отандық өндірісіне толық көлемде сәйкес келетін зауыт құрылтайшыларының бірегей инженерлік ойы іске асырылды. Сондай-ақ компанияның экологиялылық пен өндіріс қауіпсіздігінің жоғары стандарттарына бейілділігі», – деп атап өтті Қазақстанның Даму банкі басқармасының Төрағасы Абай Саркулов.

Qaz Carbon компаниясы 2021 жылдың сәуір айында жылына 2 млн тонна көмір өндіретін байыту фабрикасын іске қосқанын еске сала кетеміз. Компанияның көрме орталығы салынды. Осы жылдың соңына дейін қуаты жылына 200 мың тонна агломерациялық фабриканы іске қосу жоспарлануда.


Соңғы жаңалықтар