Қарағандыда мердігерлермен қар тазалау бойынша үш жылдық келісім жасалады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды қаласының билік өкілдері шаһар көшелерін қардан тазарту мәселесіне байланысты қар жинайтын машиналар сатып алып, мердігерлермен үш жылдық келісімшарт жасағалы отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңір басшысы Жеңіс Қасымбек Қарағанды қаласының әкімі, коммуналдық қызмет және автопарктер жетекшілерімен бірлесіп жиналыс өткізді. Қарағанды әкімі Нұрлан Әубәкіровтің айтуынша, қаланың басты көшелерінде тәулік бойы қар тазалау жұмыстары жалғасуда.
Дегенмен, жаяу жүргіншілер жолдары мен көлік жүретін бөліктерін тазалау мәселесі өзекті болып отыр. Оның себебі, техника мен персоналдың жетіспеуі.

«Қарағандыда барлығы 982 шақырым автомобиль жолы бар. Қаржыландырудың жетіспеушілігі салдарынан жолдардың барлығы дерлік қамтылмаған. Жыл сайын біз бұл санды көбейтеміз. Мысалы, 2016 жылы 451 шақырым жолды, ал биыл 571 шақырымын тазарттық. Шағын көшелер, жеке секторлар, аула аралық өтпе жолдар қамтылмаған. Онда біз тек бір реттік тазалау жүргіземіз, бірақ биылғы жылы жауын-шашын деңгейін ескерсек, бұл өте аз», - деді Нұрлан Әубәкіров.

Бұл мәселені шешу үшін ол «Мәдениет, демалыс саябақтары мен Қарағанды гүлзарларын басқару» КМК қаражаты есебінен жаңа қар жинайтын техниканы сатып алуды ұсынды. Жаңа машиналарды мердігерлерге жалға және сенімді басқаруға беруге болады.

Сондай-ақ, қала әкімінің пікірінше, аталмыш жағдайды мердігерлермен үш жылдық келісімшарттар орнату арқылы түзетуге болады. Бұл кәсіпорындарға қосымша техника сатып алу үшін банктерден ірі ақшалай қарыз алуға көмектесу жағын қарастыру керек. Қазір шарттар тек бір жылға жасалады.

Жеңіс Қасымбек осы ұсыныс бойынша бір апта ішінде нақты жоспар әзірлеуді тапсырды. Облыс әкімінің тапсырмасы қолайсыз ауа райы кезіндегі қоғамдық көліктің жұмысына да қатысты болды. Ол автопарктердің жол полициясы мен метеорологиялық қызметтермен тығыз ынтымақтастығы қажет екенін атап өтті.


Соңғы жаңалықтар