Қарағандыда инкассатор көлігіне қарақшылық шабуыл жасағандар ұсталды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында инкассатор көлігіне қарақшылық шабуыл жасаған қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биылғы 25 маусымда Қарағандыда коммерциялық фирманың ақшасын банкке алып бара жатқан инкассаторлық көлікке қарақшылық шабуыл жасалған болатын. Шабуыл алдын ала жоспарланған. Қылмыскерлер қала көшелерінің бірінде әдейі жол-көлік апатын жасаған. Кейін қарумен қорқытып, инкассаторлардан 70 миллион теңге алып кеткен.

«Құрамына ІІМ қызметкерлері енген жедел-тергеу тобы инкассатор көлігіне шабуыл жасау қылмысына қатысы бар тұлғаларды, сондай-ақ олардың орналасқан жерін анықтады. Қаскүнемдер әртүрлі бағытта жасырынуға тырысқан, сондықтан оларды ұстау бойынша арнайы операция бір мезгілде Қазақстанның бірнеше қаласында өткізілді. Күдіктілердің бірі автотрассада, басқалары жасырынған жерлерінен ұсталды», - деді облыстық Полиция департаментінен.

Нәтижесінде, Қарағанды облысының үш тұрғыны ұсталды. Тінту кезінде олардан 30 миллион теңге және газды тапанша тәркіленді. Қылмыстық топтың төртінші қатысушысына іздеу жарияланды. Сотқа дейінгі тергеу ҚР ҚК 192-бабының 4-бөлігі бойынша жүргізіледі. Оның санкциясы мүлкін тәркілеумен қатар, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.


Соңғы жаңалықтар