Қарағандыда ғалымдар Алтын орда тарихын талқылауда

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алтын орданың 750 жылдығына орай ұйымдастырылған «Сарыарқа және Алтын орда: Уақыт пен кеңестік» атты халықаралық конференцияға Германия, Түркия, Қырғызстан және қазақстандық ғалымдар жиналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Конференцияның ашылуы Қарағанды қаласының Достық үйінде өтті.

«Сарыарқа жері тарихқа өте бай. Оны зерделеп, дүйім жұртқа паш ету біздің парызымыз. Ұлытау өңірінде Алтын орда тарихына қатысты аса бағалы тарихи ескерткіштер өте көп, олардың бірі – оның негізін қалаған Жошы xанның кесенесі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлытау-2019» халықаралық туристік форумында Жошы ханның кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру қажеттігі туралы айтқан болатын», - деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

Ол Мемлекет басшысының Алтын орда тарихын жаңа көзқарастар тұрғысында зерттеу мен оның негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтау арқылы мемлекеттік идеологияны қалыптастырудың басым бағыттары екендігін атап көрсеткенін атап өтті.

Сондай-ақ Жеңіс Қасымбек Алтын орда кезеңі туралы нақты тарихи фактілер алу үшін Қарағанды облысында ғылыми-зерттеу жұмыстары жүріп жатқанын айтты. Конференция барысында осы зерттеудің алғашқы нәтижелері баяндалады. Сарыарқаның тарихи ескерткіштері туралы көркем фильм түсіріліп, ғылыми-танымдық жинақ шығарылады. Ұлытауда туристердің жайлылығы үшін инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда. 2030 жылға қарай бұл өңірге келетін туристер ағыны 100 мың адамға дейін жетуі керек.

«Алтын орданың 750 жылдығын тойлау – бұл, бірінші кезекте ғылыми жоба. «Қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламасының бір бөлігі тарихты тұтас қабылдау болып табылады. Қазақстан аумағында, оның ішінде Қарағанды облысының аумағында болған көптеген тарихи оқиғалар кейбір себептерге байланысты әлі күнге дейін толық зерттелмеген. Сондықтан мемлекет осы мәселеге ерекше назар аударуда. Бүгінгі конференция Алтын орданың 750 жылдығын тойлаудың бастамасы. Сонымен қатар, Алтын орда тарихына деген қызығушылық Қазақстанға көптеген туристерді тартуға көмектеседі. Мұның бәрі еліміздің дамуына өз ықпалын тигізеді», - дейді Ұлытау ауданының әкімі Берік Әбдіғалиұлы.

Алтын орданың мерейтойына қатысты негізгі шаралар келесі жылы өтеді. Көптеген ғылыми зерттеулер, кітаптардың тұсау кесері мен көкркем фильмдердің түсірілімі, осы кезеңмен байланысты ескерткіштерді қалпына келтіру, безендіру және абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар аймақтық ғылыми конференциялар өтеді. Мұның бәрі ортағасырдағы Қазақстан тарихына, оның ішінде Алтын орда – Жошы ұлысына деген қызығушылықты арттырады.

«Сарыарқа және Алтын орда: Уақыт пен кеңестік» халықаралық конференциясында қатысушылар өз баяндамаларын оқыды. Онда Алтын орда атаулары, сол кезеңдегі тарихи-мәдени мұралар, табылған археологиялық сүйектерге жасалып жатқан генетикалық талдаулар, алтынордалық Тоқты ханының билік басына келуіндегі тарихи-құқықтық аспектілер, табылған ескерткіштерге жасалып жатқан органикалық зерттеулер туралы сөз қозғалды.

Сонымен қатар конференция аясында облыстық тарихи-өлкетану мұражайы даярлаған «Ұлытау - Алтын орданың алтын бесігі» атты көрме ұйымдастырылды. Экспонаттар арасында өткен жылы Болған ана кесенесіне жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстары кезінде жасалған суреттер мен табылған заттар, атап айтсақ, алтын кесе мен әшекей бұйымдар қойылған.

Конференция қатысушылары үшін театрландырылған қойылым мен гала-концерт ұйымдастырылды.

Сондай-ақ, Қарағанды облысының қолөнершілері мен тауар өндірушілерінің көрме-жәрмеңкесі өтті. Ұйымдастырушылар атап өткендей, осы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияны әлем тарихының ортағасырлық кезеңіндегі саяси, тарихи, мәдени және географиялық бет-бейнесіне түбегейлі өзгерістер әкелген Жошы Ұлысының мұраларын зерттеуге қосқан үлесі деуге болады.24 және 25 қазан күндері конференцияға қатысушылар Жезқазған өңіріне барады, онда олар тарихи ескерткіштерді аралайды.

Соңғы жаңалықтар