Қарағандыда дизель бағасы қанша тұрады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат –Қарағанды қаласының әкімдігі жанар-жағармай құю бекеттеріндегі дизель отынының орташа бағасын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетейік, 10 қазан күні Қарағандыда қалалық автобустардың 30% жуығы маршрутқа шықпай қойды. Қарағандылықтар аялдамаларда қажетті автобусты ұзақ уақыт күтуге тура келгеніне шағымданды. Бұған жанармай құю бекеттерінде дизель отынының болмауы себеп болды.

Іле-шала онлайн-режимде кеңес ұйымдастырған облыс әкімі Жеңіс Қасымбек өңірлерге жанар-жағармай тасымалданып жатқанын хабарлады. Автопарктерге қосымша дизель отыны жеткізілді.

Қазір Қарағанды қаласының басшылығы дизель отынына қатысты мәселеге күн сайын мониторинг жүргізеді. Қарағандыда жазғы дизель отыны – 265 теңге, қысқы отын 332 теңге тұрады.

Қарағандыда жанар-жағармай сататын 18 компания жұмыс істейді, жанар-жағармай құю бекеттерінің жалпы саны – 113. Операторлардың деректері бойынша, жанар-жағармай материалдарының бүгінгі күнгі қалдығы – 7056,0 тонна (АИ-92 – 3528,0 тонна, АИ-95 – 1491,4 тонна, дизель отыны – 2036,6 тонна, жазғы отын – 1259,6 тонна, қысқы отын – 777,0 тонна).

«Талондар бойынша дизель отынын тек 8 жанар-жағармай станциясы ғана босатады: «Seda», «Helios», «Nomad Oil», «Тұмармұнай», «Газпром нефть», «Liqui Moly», ҚазМұнайГаз, «PetroRetail». Қалған жанармай бекеттерінде отын еркін сатылымда», - деп хабарлады Қарағанды қаласы әкімінің баспасөз қызметінен.

Бүгінгі таңда қала автопарктерінің барлық жолаушылар көлігі желіде. Қарағанды әкімдігінің хабарлауынша, отын қоры қоғамдық көліктің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін жеткілікті.


Соңғы жаңалықтар