Қарағандыда биыл үшінші жылу құбырының құрылысы басталады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Жылыту маусымына дайындық барысы Қарағанды облысы басшылығының тұрақты бақылауында, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңір басшысы Жеңіс Қасымбек өткен қыста болған жағдайларды назарға алып, қолда бар ресурстарды дұрыс бөлу керектігін ескертті.

«Өткен қыс жұмыста іркілістер болды. Әсіресе, Қарағандының Октябрь ауданында және Теміртауда. ЖЭО-2 және ЖЭО-3 жұмысында үлкен мәселелер бар екенін көрдік. Жылу желілерінің жағдайына қатысты да проблемалар да бар. Оларды тез арада шешу керек», – деді облыс әкімі.

Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов өңірдің сегіз жылу электр станциясында 26 қазандық пен 15 турбинаны жөндеу жоспарланғанын хабарлады. Жөндеу науқаны кестеге сәйкес басталды.

Теміртауда ЖЭО-2 қуатын кеңейту үшін жетінші қазандықтың құрылысы маңызды жоба болып қала береді. Қазіргі уақытта жол картасы әзірленді. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы мердігерлерді таңдау үшін жабдықтарды монтаждауға және ғимаратты жөндеуге тендерлер өткізеді. Мамыр айының соңында келісімшарттар жасалады деп күтілуде, содан кейін жұмыс басталады.

Жылу желілерін жаңғырту бойынша бірқатар жобалар іске асырылуда. Облыс орталығында «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Оңтүстік-Батыс құрылыс ауданында жылу магистралі қайта жаңғыртылады.

Биыл Қарағандыда үшінші жылу құбырының құрылысы басталады.


Соңғы жаңалықтар